Жаңалықтар

Кеңесшіл ел кемдік көрмейді

Жаңа Қазақстанда айрықша қолға алынған шаралардың бірі - Ұлттық құрылтай өткізу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 наурызда халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын. Соған сәйкес, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына жаңа құрылымның іргетасы қаланды. Ұлттық құрылтай төрт жыл ішінде азаматтық қоғамды нығайтып, мемлекеттік саясатты қалыптастыруда маңызды рөл атқарып, елдегі әлеуметтік, мәдени және саяси мәселелерді шешуге үлкен ықпал етіп келеді.

РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ҰЛТТЫҚ МӘРТЕБЕ БЕРІЛДІ

 

Құрылтай шақыру - ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген.  Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.

Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Мысалы, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды.  Ел егемендігін алған тұста Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз  атамекенге шақырылды.

Бабалар жолын ұстанған еліміз елдікті нығайтып, бірлікті бекемдей түсу мақсатында құрылтай шақыру дәстүрін қайта жаңғыртты. 

Ел Президентінің бастамасымен Ұлттық құрылтайдың тұңғыш отырысы бабалар салған дәстүрмен қасиетті Ұлытау жерінде өткізілді. Себебі Ұлытау жері ежелгі тарихқа өте бай аумақ. Қазақ жерінің кіндік ортасы болған осынау қасиетті мекенде қазақ хандарын хандық билікке отырғызып, ұлықтау рәсімі өтетін болған.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткен. Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз. Ұлт ұясы - Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты», - деп атап өтті басқосуда.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына сенім білдіріп, алты Алаштың баласы жиналған алқалы жиында алғашқы тапсырмасын да берді.    

Ұлытауда барлық рудың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт  бірлігін көрсеткен. Кезінде академик Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері -Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінгендіктен, ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты.

Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда Президент Тәуелсіздік мейрамының мәнін өзгертпестен, кейінгі жылдары атаусыз қалған  Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Себебі 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын.

Қазақ тілінің мәртебесі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келе жатқандығы, сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқтығы,  осы саладағы жұмыстарды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажеттілігі тілге тиек етілді.

Жиын соңында Мемлекет басшысы қазақ қоғамын толғандырған келелі мәселелердің бәрі Ұлытауда, Ордабасыда, Мәртөбеде, Күлтөбеде өткен осындай кеңестерде шешілгенін еске салып, Ұлттық құрылтайдың келесі жиынын Түркістанда өткізуді ұсынды.

 

СЕГІЗ ТАҚЫРЫП ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ӨЗЕГІНЕ АЙНАЛДЫ

 

2023 жылы қасиетті Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан - Адал азамат» тақырыбына арналды.

Президенттің айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Ал түпкі мақсатқа жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет.  Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер.

 Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруы керек.

Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүргізілетін жүйелі жұмыстардың нақты бағыттары айқындалды.

Түркістанда өткен жиында біріншіден мемлекеттік нышандарды жетілдіру мәселесі сөз болды.

Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі қажет.

Екіншіден, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртудың жөні бөлек. Яғни, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихы жазылып, Алматыдағы Археология институтын жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін оған барынша жағдай жасалатын болды. Сондай-ақ төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімі әзірленіп, ономастика саласын тәртіпке келтіру көзделді.

Үшіншіден, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуге басымдық берілді.  Президенттің айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесі берілетін болды. Ал ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу үшін «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Бұл өз кезегінде мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды.

Төртіншіден, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беруге баса назар аударылды. Нашақорлық - ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр. Есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шаппасақ, еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Оқушылардың театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы маңызды.

 Бесіншіден, ақпарат саясатының тиімділігін арттырып, креативті индустрияны дамытуға көңіл бөлінді. Яғни, қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналған тұста креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру керек. Елді кітап оқитын зиялы ұлтқа айналдырып, жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятудың берері мол.

Алтыншы бағыт ретінде мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу атап көрсетілді.

Қазір әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінгенімен, бірақ жұмыс жүйелі емес, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығады. Мемлекеттік «ақыл-ой орталықтары» қызметінің де көңіл көншітпейтіндігі, көбінесе бір-бірінің жұмысын қайталайтындығы, сондықтан  сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынатын, сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет екендігі айтылды.

Жетіншіден, шекаралас аймақтарды дамыту да басты назарда. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кеткен. Осы орайда Ұлттық құрылтайда Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылданды.

Сегізіншіден,  мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдірудің тиімділігі мол. Президенттің айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл - профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық.

Мемлекеттік наградалар мәселесіне жеке тоқталған Мемлекет басшысы «Бұл саланың қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Елімізде күнделікті қажырлы еңбегімен мемлекетімізді өркендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосып жүрген жандар аз емес. Олардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, кәсіпкер, тәртіп сақшысы, әскери қызметші, құтқарушы және басқа да мамандық иелері бар. Қоғамға үлгі болатын осындай жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс. Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән беремін. Сол себепті әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды» - деген Мемлекет басшысы мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажеттігін айтты.

Сонымен қатар «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірленетін болды. Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылды. «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қайтарылды.

 

ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМНЫҢ БІРЛІГІНЕН БАСТАЛАДЫ

 

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы  Атырау жерінде өтті. Осындағы көне Сарайшық қаласы Қасым ханның тұсында Қазақ Ордасының астанасы болған.

Бұл құрылтайда да елдік елеулі мәселелер көтерілді.

Халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды, ал, елдің тұтастығы алдымен зиялы қауымның бірлігінен басталатындығы айтылды.  

«Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі - біздің тарихымыз, - деді өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан - Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған.

Жошы Ұлысының қаланғанына 800 жыл толуына орай, болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, одан әрі дәріптеу жұмыстары кеңінен жүргізілетін болды.

Жүйелі түрде жазылып жатқан Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихының дербес бір томы Жошы ұлысына арналып жатыр.

Үшінші Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің қатарында, қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қою, сондай-ақ, еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, дәстүрлі дініміз - сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қою  қажеттілігі де бар.

Жиынның соңында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар - тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық екенін айтқан  Ел Президенті құрылтайдың кезекті отырысын Көкшетауда өткізуді ұсынды.

 

САЛЫҚ ЖҮЙЕСІ - БҮКІЛ МЕМЛЕКЕТТІК ЖҮЙЕНІҢ ТІРЕГІ

 

Алқалы жиынның төртінші отырысы 2025 жылы Көкше төрінде өтті. Оның да өзіндік себептері бар. Себебі Көкшетау ән мен жырдың ордасы ғана емес, Абылай хан туын тіккен қасиетті Хан Ордасы болған мекен. Осы жерден қазақтың соңғы ханы Кенесары да тәуелсіздік үшін атойлап атқа мінген.

Президент Көкше төріндегі құрылтайда үш жыл бұрын наурыз айында жариялаған Жолдауына сай жүргізілген қоғамдық-саяси реформаларға тоқталып, ел ішіндегі оң өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын айтты.

Мемлекет басшысы қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікір білдірді.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан көтерілген қоғамдық әдепті реттеу, теріс ағымдар мен ұлттық болмысымызға жат идеологияларға, түрлі алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою, отандық кино және анимация өндірісіне идеологиялық тұрғыдан мән беру, әйелдер колониясындағы жағдайды түзеп, қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңнаманың жүкті немесе кәмелет жасқа толмаған балалары бар әйелдерге қатысты тұсын қайта қарау, кәсіптік- техникалық колледждерді дамыту ісінде жаңа мамандықтарға сұраныс пен еңбек нарығындағы жағдайды ескеру секілді өзекті мәселелерге қолдау білдіріп, өз ойын ортаға салды.

Алдыңғы өткен құрылтайларда көтерілген ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарды дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың кемшін тұстарына назар аударып, ішкі саясаттағы ауқымды идеологиялық жұмысты жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеуді тапсырды.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай институтын Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты халықаралық деңгейдегі мәдени-ағарту мекемесіне айналдыру үшін Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Құрылтайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамаларын қолдау, құжат түріндегі мұраларымызды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу, төл болмысымыз бен мәдениетімізді айшықтайтын ұлттық цифрлық мұрағатты жасанды интеллект жүйелеріне кіріктіру, тарихи зерттеулерді жандандыру міндеттері айқындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұртшылық алдындағы сөзінің бір бөлігі елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға арналды.

Мемлекеттің ең басты міндеті - аймақтардың экономикалық өсіміне түрткі болатын және өңірлердің дамуындағы теңсіздікті жоятын бастамаларға баса мән беру. Бұл ретте биыл экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі екі есе, яғни 8 триллион теңгеге дейін ұлғаймақ. Президент өңірлердегі білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт салаларын дамыту жобаларына кеңінен тоқталып, оларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру маңызды екенін ескертті.

Арқа төріндегі алқалы жиындағы сөзін қорытындылаған Мемлекет басшысы «Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатыр.  Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс», - дей келе, Ұлттық Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.

Осылайша, төрт рет өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында елдік мәселелер көтеріліп, жиналған жұрт та өз ойын ортаға салып, пайымды пікірлерін айтып келеді.

«Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген дана халқымыз. Жаңа Қазақстанның ерекше сипаты болып табылатын Ұлттық құрылтайда алғаш шақырылғаннан бері көтерілген іргелі мәселелердің, ұлт болашағына арналған ұсыныстардың жүзеге аса бастағанын көз көріп, құлақ естіп отыр.

 Ендігі міндет - осы келелі жиында айтылған бағыт-бағдардан тайынбай, көрсетілген межелерге абыроймен жету.

 

Асан ТІЛЕМІСОВ