Балабақша – ұлт болашағын тәрбиелейтін қасиетті орта
Бүгінгі таңда елімізде жас ұрпақтың жан-жақты дамуы мен тәрбиесіне айрықша мән берілуде. Мемлекет деңгейінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін жетілдіру бағытында бірқатар бағдарлама жүзеге асуда. Себебі балабақша – баланың алғашқы әлеуметтік ортасы, адамгершілік пен мәдениеттің бастауы.
Балабақшадағы тәрбие – болашақ тұлғаның іргетасы. Мұнда бүлдіршіндер айналасындағы адамдармен қарым-қатынас орнатуды, ортақ тәртіпті сақтауды, өз ойын еркін жеткізуді үйренеді. Сондай-ақ педагогтар балалардың бойына отансүйгіштік, мейірім, еңбексүйгіштік, сыпайылық сияқты асыл қасиеттерді сіңіруге ерекше назар аударады.
Облысымыздағы мектепке дейінгі ұйымдарда қазіргі заман талаптарына сай оқу-тәрбие процесі жүйелі түрде жүргізілуде. Тәрбиешілер мен педагог мамандар әр баланың қабілеті мен қызығушылығын ескере отырып, жеке көзқараспен жұмыс істеуді дәстүрге айналдырған. Олардың басты мақсаты – баланың тұлғалық дамуына қолайлы орта қалыптастыру.
Тәрбиешінің еңбегі – ерекше құрметке лайық. Себебі олар баланың өмірге көзқарасын қалыптастырып, жақсы мен жаманды айыра білуге баулиды. Әрбір айтқан жылы сөзі мен қамқорлығы арқылы баланың жүрегіне ізгілік дәнін себеді.
Сондай-ақ бала тәрбиесінде ата-анамен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор. Отбасы мен балабақша ынтымақтастығының нәтижесінде балаға берілетін тәлім-тәрбие толыққанды әрі жүйелі сипат алады. Бұл өз кезегінде бүлдіршіннің мектепке және қоғамға бейімделуін жеңілдетеді.
Балабақша – тек білім мен тәрбие беретін мекеме емес, ол – ұлт болашағын тәрбиелейтін қасиетті орда. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтардың рухани және адамгершілік негізі дәл осы ортада қаланады.
Aлия ҚАЗЫБАЕВА,
N23 «Жас дәурен» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі,
Тараз қаласы