Жаңалықтар

Қоғам қайраткері Қонаев қорының жұмысымен танысты

Мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Шабдарбаевты қазақ қоғамына таныстырып жатудың өзі артық. Тар заманда да тобасынан жаңылмай тағылымды ғұмыр кеше білген қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевтың жеке күзетін басқарып, тәуелсіздік жылдарында да жауапты қызметтерді абыроймен атқарған генерал-лейтенат Амангелді Смағұлұлы жуырда Тараз қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық филиалына арнайы келіп, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Жалпы Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қор 1992 жылы құрылып, 33 жылдан бері ұлы тұлғаның еңбегін халыққа кеңінен танытып, таныстыру, өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Ал қордың облыстық филиалы 1996 жылдың қараша айында құрылған. Облыстық филиалды әр жылдары Баттал Жаңабайұлы, Болат Қасенов, Сағи Жабасов, Самбет Айтқұлов, Аманкелді Сланов, Даниярбек Айтбекұлы, Мәмбет Күшікбаев, Ақынбек Бектаев, Марс Үркімбаев, Күләш Назарбекова, Алтынбек Садырбаев, Амангелді Карентаев, Әлімбек Жұмабаев сынды тұлғалар басқарған. 2023 жылдан бері Қибат Асқарбеков облыстық филиалдың төрағасы ретінде жемісті еңбек етуде.

Амангелді Смағұлұлы облыстық филиал ғимаратындағы Дінмұхамед Ахметұлының еңбек, өмір жолдарынан сыр шертетін шығармалармен, естеліктермен танысып, қор жұмысына оң бағасын берді.

Басқосуда Қибат Тілеуқұлыұлы филиалдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, атқарылған жұмыстармен, алдағы жоспарлармен таныстырды. Дастарқан басындағы емен-жарқын әңгіме барысында зиялы қауым өкілдері де сөз алып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ал «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бас директорының орынбасары Азамат Есалы облыстық басылымдарда Дінмұхамед Ахметұлының елге сіңірген өлшеусіз еңбегін халыққа насихаттау мақсатында тұрақты түрде мақалалар жарияланып тұратынын айтты. Сондай-ақ А.Есалы құрметті қонаққа серіктестікке қарасты «Aq jol», «AR-AI» газеттерін және «Tekturmas» журналын сыйға берді.

Талғат НҰРХАНОВ