Жаңалықтар

Ресейде Қазақстанның мәдени күндері өтеді

Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстар жаңа деңгейге көтерілмек, деп хабарлайды arainfo.kz.

2025 жылдың 10–13 қазан аралығында Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы мәдени күндері өтеді. Ауқымды шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ресей Мәдениет министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Іс-шараның мақсаты – екі ел арасындағы мәдени-ақпараттық ынтымақтастықты нығайтып, халықтар арасындағы рухани байланыстарды дамыту. Бағдарлама аясында қазақстандық өнер туындылары, театр, кино және музыка саласындағы жобалар ресейлік көрермен назарына ұсынылады.

10 қазаннан 23 қарашаға дейін Жаңа Третьяков галереясында «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесі өтеді. Экспозицияда Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің 43 туындысы, сондай-ақ Мемлекеттік Третьяков галереясының қорынан 17 кескіндеме мен 11 мүсін қойылады.

Мәдени күндер аясында қазақстандық кино күндері де ұйымдастырылады. Көрермендер «Патриоттар уақыты», «1941 жылдың жазы», «Тоқта, түн», «Дос-Мұқасан», «Алтын адам» және «90+1» фильмдерін тамашалайды.

13 қазан күні Ресей мемлекеттік академиялық кіші театрында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры «Парасат майданы» қойылымын сахналайды.

Ал мәдени күндердің ең маңызды шарасы – 12 қарашада Ресейдің Үлкен театрында өтетін гала-концерт. Қазақстанның үздік өнерпаздары қатысатын бұл кеш Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылмақ.

Мәдени күндерге зиялы қауым өкілдері, шығармашылық одақтар, дипломатиялық корпус, ғалымдар мен қазақ диаспорасы қатысады деп күтілуде.