Алдағы үш жыл бойы зейнетақы өседі
Қазақстанда 2026–2028 жылдар аралығында зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер кезең-кезеңімен көбейтіледі, деп хабарлайды arainfo.kz
Бұл туралы 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында көрсетілген.
Үкімет жоспарына сәйкес, «Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру» бағыты бойынша шығындар:
2026 жылы – 6,83 трлн теңге,
2027 жылы – 7,51 трлн теңге,
2028 жылы – 8,09 трлн теңгені құрайды.
Бөлінген қаражат зейнетақы мен жәрдемақыны уақтылы төлеуге, бала күтіміне байланысты зейнетақы жарналарын субсидиялауға және базалық зейнетақыны арттыруға бағытталады.
Құжатқа сәйкес, орташа зейнетақы мөлшері:
2026 жылы – 103 687 теңге,
2027 жылы – 108 940 теңге,
2028 жылы – 113 995 теңге болады.
Ал орташа базалық зейнетақы үш жылда 54 мың теңгеден 61 мың теңгеге дейін өседі. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс минимумының 70%-ын, ал ең жоғарысы 2027 жылдан бастап 120%-ын құрайтын болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 2,5 млн-нан астам зейнеткер бар. 2025 жылдың 1 тамызындағы мәлімет бойынша, орташа жиынтық зейнетақы 143 097 теңгені құрады.