Өнерімен өрге жүзген өрен
Айтыс – қазақ халқының ежелден келе жатқан сөз өнері, ақындықтың, тапқырлықтың, ой мен тіл шеберлігінің биік шыңы. Сол киелі өнердің туын көтеріп жүрген жастардың арасында айтыскер қыз Інжу Жаңабай да ерекше орын алады. Бүгінде Інжу сахнада өз ойын еркін жеткізіп, өнердің өрісін кеңейтуде.
Інжу Жаңабай кезекті рет республикалық айтыста топ жарды
Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының «Ақберен» айтыс үйірмесінің тыңдаушысы Інжу Жаңабай «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысында «Қайым айтыс» бағыты бойынша бас жүлде иеленді. Аймақтың абыройын асқақтатып келген жеткіншекті орталық ұжымы құттықтап, тілектестік білдірді. Осы іс-шара барысында біз де Інжу Жаңабаймен аз-кем тілдескен болатынбыз.
Өнерлі өреннің әкесі, әрі рухани ұстазы, Мәдениет саласының үздігі Есет Досалының айтуынша, Інжу филология мамандығын таңдап отыр екен. Арманы – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің грант иегері атану.
«Өнерлі өрге жүзеді» дейді дана халқымыз. Тұла бойына тұнған талантымен талайды тәнті етіп жүрген Інжу Жаңабайдың алға қойған мақсаты айқын. Ол болашақта білім мен өнерді үйлестіріп, биік белестерді бағындырғысы келеді. Осы жолда тынбай ізденіп, аянбай еңбек ету керектігін де жақсы біледі. Біз айтыскер қызға тек сәттілік тілейміз.
Сымбат ҚУАНЫШ