Ардагерлер Түркістанға саяхат жасады
Талас ауданы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың ұйымдастыруымен және «Talasinvestment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Талас ауданының 20 ардагері Түркістан облысындағы киелі жерлерді аралап, зиярат етіп қайтты.
Ауданбек Тауасаров пен «Тalasinvestment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Әбдіғали Жүнісов бастаған топ алдымен Отырар қалашығында болды. Қалашықтың терең тарихымен және қазба кезінде табылған жәдігерлермен танысты. 20 гектар аумақты алып жатқан тарихи қалашықтың әр төбесі мен ашық аспан астындағы мұражайы сонау ХІІІ ғасырдан сыр шерткендей болады.
Қазылып алынған әр кірпішін сипалап, жәдігерлерге тамсана қараған ардагерлер бұл жерден көптеген тарихи мағлұмат алды. Осы қалашықта өмір сүріп, моңғол шапқыншылығына тойтарыс бере отырып, қаланы алты ай бойы жанкештілікпен қорғаған бабалар аруағына Құран бағыштап, Арыстанбаб кесенесіне ат басын бұрды. Қ.А.Ясауидің ұстазы Арыстанбаб кесенесінің ішін аралап, бұл жерде де тарихи мағлұматтарға қаныққан ардагерлер баба рухына Құран бағыштап, Түркістан қаласына бет бұрды.
Мұнда олар жасарған қаланың келбетін тамашалап, Қ.А.Ясауи кесенесіне келді. Ардагерлер дін білімінің ғұламасы жазып қалдырған хикметтермен танысып, батырлардың соғыста қолданған қару-жарақтарын тамашалады. Кесененің әр бөлмесі өткен дәуір тарихын паш етіп тұрды.
Қ.А.Ясауи бабаның әруағына Құран бағыштаған таластық ардагерлер осы жерде саясаттарын аяқтап, кейін қарай Қаратау қаласына аттанып кетті.
«AR-AI»-ақпарат