Майдангер есімі Маятастағы бір көшеге берілсе...
Менің атам Арыстан Сәтиев Ұлы Отан соғысының ардагері. Атамыздың өнегелі өмір жолы нағыз ерлік пен маңдай терге толы, жүрекке мақтаныш ұялатар тағдыр.
Арыстан Сәтиев 1922 жылы Сарысу ауданы, қазіргі Маятас ауылында дүниеге келген. Арыстан атамыздың әкесі белгілі ұста Сәти Жиенбайұлы темір өңдеудің, қару-жарақ жасаудың хас шебері саналып, өз дәуірінде ел ішінде беделі зор адам болған екен. Ұсталық өнері мен шеберлігіне байланысты Сәти Жиенбайұлын соғыс жылдарында Ресейге арнайы шақырып, әскери мақсаттағы құрал-жабдықтар мен қару бөлшектерін жасау ісіне қатыстырған.
Міне, осындай еңбекқор, отаншыл отбасында өскен Арыстан Сәтиевтің бойында елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік бала күнінен қалыптасты.
1941 жылы небәрі 18 жасында Арыстан атамыз майданға шақырылады. Артиллерия бөлімінде наводчик болып қызмет етті. 179-атқыштар полкінің құрамында ауыр шайқастарға қатысып, жау әскерлерімен бетпе-бет соғысты. 1943 жылдың 6 қыркүйегінде Константиновка қаласы үшін болған ұрыста өзінің батырлығымен көзге түседі. Жаудың үш пулеметін, бір минометін және екі дзотын жойып, 40-қа жуық жау сарбазы мен офицерін жер жастандырады. Бұл ерлік пехота бөлімдерінің алға жылжуына зор үлес қосты.
Араға бір күн салып, 7 қыркүйекте, Новоэкономическое маңында әуе шабуылы кезінде ауыр жарақат алғанына қарамастан, қару-жарақ пен техниканы құтқаруға атсалысып, үлкен жанқиярлық көрсетті.
Арыстан Сәтиевтің майдандағы ерлігі ескерусіз қалған жоқ. «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. Бұл марапаттар – атамыздың жауынгерлік ерлігі мен ел алдындағы еңбегінің мәңгілік айғағы.
Соғыстан кейін атамыз туған ауылы Маятасқа оралып, ел игілігі үшін еңбек етті. Ауылшаруашылығы саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, 35 жыл бойы ферма меңгерушісі қызметін атқарды. Осы жылдар ішінде ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрмысын түзеуге үлкен үлес қосты.
Атамыздың бастамасымен ауылда мектеп, кітапхана, дүкен сияқты әлеуметтік нысандар бой көтерді. Ол әділдігімен, еңбекқорлығымен және қарапайым мінезімен ауыл жұртының ерекше құрметіне ие болды.
Арыстан Сәтиевтің ерлігі – Қазақстаннан майданға аттанған мыңдаған жауынгердің ерлігінің бір бөлшегі. Ресми деректер бойынша, Ұлы Отан соғысына 1,2 миллионнан астам қазақстандық қатысқан. Олардың 500 мыңнан астамы майдан даласынан оралмады. Ал облысымыздың өзінен 70 мыңға жуық адам соғысқа аттанған.
Артиллерия бөлімдері соғыс барысындағы шешуші күштердің бірі болды. «Артиллерия – соғыс тәңірі!» деп бекер айтылмаған.Дәл осы салада қызмет еткен біздің атамыздың ерлігі сол ұранның шынайы көрінісі.
Бүгінде біз, оның ұрпақтары Арыстан атамыздың ерлігі мен еңбек жолын мақтанышпен еске аламыз. Оның өмірі батырлықтың, отансүйгіштіктің және қарапайым адамгершіліктің айқын үлгісі.
Сол себепті, атамыздың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында біз – Сарысу ауданы, Маятас ауылының тұрғындары мен ұрпақтары ауылымыздағы бір көшеге Арыстан Сәтиевтің есімі берілсе деген ізгі ниетімізді білдіреміз. Бұл ел үшін саналы ғұмырында елеулі еңбек еткен ерге көрсетілген құрмет, бүгінгі ұрпаққа тағылым, келер ұрпаққа аманат болар еді.
Ботакөз БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
Немересі,
Сарысу ауданы,
Маятас ауылы