Әлеумет

Шуда иппотерапия орталығы ашылды

Жуырда Шу ауданында ерекше балаларға арналған шағын ипподромның ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мелс Бейсембаев пен қалалық қоғамдық кеңестің жетекшісі Қанат Жапабаев, аудан әкімдігі әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаева, ата-аналар мен қаһарман балалар қатысты.

Ашылу салтанатында Бақытжан Оразалыұлы өз құттықтауын жеткізіп, сауапты амалмен айналысып отырған кәсіпкердің бастамасына сәттілік тіледі. Сондай-ақ осында келген балалардың тез сауығып кетуіне тілек білдіріп, жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті қолдаулар толастамайтынын айтты.

Мұнан кейін ізгі тілектер тиегі ағытылып, құрметті қонақтар мен ата-аналар, жеке кәсіпкерліктің арнайы нұсқаушысы сөз алды. Олар да иппотерапияның адамға тигізер пайдасын жіпке тізіп, алғыстарын білдірді. Сонымен қатар жұмыстың жүргізілу жүйесі көпшілікке таныстырылды.

Аудан әкімдігі әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаеваның айтуынша, 40 шақты балғынның иппотерапияға қатысуға мүмкіншілігі бар. Олар дәрігердің арнайы рұқсатымен аптасына 5 күн ақысыз келе алады. Келушілердің санына қарай жеке кәсіпкерге әкімдік тарапынан қаражат аударылады.

«Арыстан» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Медет Арыстанұлының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда балаларға екі нұсқаушы, медбике, психолог, әлеуметтік қызметкер, мал дәрігер, тағы да басқа мамандар қызмет етеді. Иппотерапия екі айға созылмақ. Сонымен қатар 40 баланы қамтуға қауқары бар.

Байжан ЕМБЕРДІ,

журналист,

Шу ауданы