Құстар неге жылы жаққа ұшады?
Адамзат баласы сонау қадым замандардан бері құстардың қоңыр күзде көзден жырақтап, көктемде қайта пайда болатындығын байқаған.
Қанаттылардың маусымдық көшіп-қону үдерісінің құпиясын ақтару небір ұлы ғалымдар мен ғұлама ойшылдардың армандарына айналды. «Іздеген жетер мұратқа» демекші, адамдар құстардың маусымдық көшіп-қонуының құпиясын тапты. Барлығының себебі жай ғана «қыс» екен. Дымқыл тұман басқан күздегі суық пен аштық құстарды солтүстік жарты шардан оңтүстік өлкеге қарай қуады. Ал оңтүстік жарты шарды мекендеп жүрген қанаттылар солтүстіктің қысына қоныс аударады.
Жалпы маусымдық көші-қон үдерісіне құстардың 3 түрі қатысады. Ал біздің өлкеден кеш кететін қаздар Каспийдің, Қырымның, Қара теңіздің жағалауына қарай қоныс аударатын көрінеді. Және де кейбір құстар, мәселен, қаздар жай ғана қайтар жолын есте сақтайды екен.
Қазақстанда құстардың 18 отрядқа жататын 489 түрі бар. Оларды мекен ететін орындарына қарай орман, ашық дала, батпақты-шалшықты және қанатты су құстары деп бөледі.
1868 жылы Вена қаласында (Aвстрия) алғаш рет құстарды қорғау туралы ресми шешім қабылданған. Ал 1922 жылы Құстарды қорғаудың халықаралық кеңесі құрылды. Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» құстардың 209 түрі мен 83 түр тармағы, ал Қазақстанның «Қызыл кітабына» 56 түрі енгізілген.
Ал облысымыздың аумағында Қызыл кітапқа енген 20-дан аса құс бар (дуадақ, жорға дуадақ, ақбауыр-қарабауыр бұлдырық, безгелдек, аққу, ителгі, тырна, бірқазан, бүркіт және тағы да басқа). Одан басқа аңшылық түріне жататын қырғауыл, шіл үйрек, қаз, қасқалдақ, кеклік, бөдене және басқа да құстар мекендейді.
Нұрғали НИЯЗҚҰЛОВ,
облыстық орман шаруашылығы
және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының
жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы
бөлімінің басшысы