Ауыл шаруашылығы

Ауылшаруашылығы алға жылжуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту кезек күттірмейтін мәселе екенін, қайткен күнде де инвестиция тарту бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін баса айтқан еді. Бұл ретте Шу ауданының ауылшаруашылық саласында айтарлықтай ілгерілеушілік бар.

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ МЕЖЕСІ АРТЫҒЫМЕН ОРЫНДАЛУДА

Шу ауданы әкімінің орынбасары Серікхан Пернештің айтуынша, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан осы жылға 5 миллиард 251 миллион теңгеге инвестиция тарту межесі бекітіліп беріліпті. Жылдың жеті айында 1,122 миллиард теңге инвестиция тартылса, жоспар жыл қорытындысымен толық орындалмақ. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынатын 200 000 миллион теңгеге инвестиция жоспары осы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған екен. Бүгінгі күнге тамақ өнімдері өндірісіне 891,680 миллион теңгеге инвестиция енгізіліп, жоспар артығымен орындалыпты.

Жалпы Шу ауданы – ауылшаруашылық саласы өркен жайып келе жатқан өңірдің  бірі. Мұнда мал өсіріп, егін егу жұмысы жүйелі жолға қойылған. Бүгінде мал саны да, алынатын өнім түрі де тұрақты өсім көрсетуде. Нәтижеге қол жеткізуде ауданда шаруаларды әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру, олардың ауылшаруашылық саласын дамытуға үлес қосуына барынша қолайлы жағдай жасау арқау болып отыр. Ауылшаруашылық өнімін өндіру ісінде жағдай қалыпты деңгейде. Мысалы, былтырғы және биылғы күз мезгіліне дейін де ауданда 6 957,5 тоннадан астам мал және құс еті тірідей салмақта сатылыпты. Ал өткен жылы 3 677,3 тонна, биыл 3 564,2 тонна мал және құс еті сойылып сатылған екен. 2024 жылы 20 970,4 тонна, 2025 жылы 21 384,4 тонна сүт сауылыпты. Былтыр 4 778,4 миллион, биыл 4,696 миллион дана жұмыртқа өндірілген.

Шу ауданы бойынша оператор «Шу мұнай өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы күзгі дала жұмыстарына 390 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініпті. Оның ішінде шілде айына  65, тамыз айына  130, қыркүйек айына 130 тонна жұмсалыпты. Ал қараша айына 65 тонна қарастырылған екен.

«QYZYLSHA ZHER»-ДІҢ ҚАРЫМЫ МЫҚТЫ

Шу ауданындағы іргелі шаруашылықтың бірі – «Qyzylsha Zher» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Осы серіктестіктің өкілі Руслан Тұраровпен тілдескенімізде, ол еліміздің аграрлық саласына жаңа леп әкелетін соны бастама қолға алынып жатқанын айтты. «К-Агро» ауылшаруашылығы холдингінің құрамындағы «Qyzylsha Zher» компаниясы осы бастаманы алға жылжыта алатынын дәлелдеген көрінеді. Мәселен, аталған серіктестік тың технологияға сүйеніп, жүйелі жұмыс жүргізіп әрі әлеуметтік жауапкершілікті назарда ұстай отырып, қант қызылшасы өндірісінің қайта жандануына серпін берген екен. Бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуде.

Аталған серіктестік судың әр тамшысын үнемдеуге айрықша көңіл бөлуде. Егістікте «Valley» фирмасының 37 суару жүйесі орнатылыпты. Осы арқылы 2000 гектар алқап су үнемдеу технологиясымен түгел қамтылған көрінеді. Дегенмен кейбір ерекшелігі бар жерлерге арнайы спринклерлік суару әдісі қолданылады екен. Мұндай тәсіл суды үнемді пайдаланып қана қоймай, жердің құнарын сақтап, экожүйеге түсетін салмақты азайтуда. Әсіресе климаты жыл өткен сайын қуаң тартып бара жатқан оңтүстік өңірлер үшін мұның маңызы зор болмақ.

Бізбен әңгімесінде серіктестік өкілі кадр мәселесіне де кеңінен тоқталды. Қазақстан агросекторы үшін басты қиындықтардың бірі білікті мамандардың жетіспеушілігі екенін баса айтты. «Qyzylsha Zher» мен «К-Агро» холдингі ұзақмерзімді жоспар ретінде адам капиталына инвестиция құюды қолға алыпты.

Қоғамда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар. Сайып келгенде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ауылдың болашағына тікелей ықпал ететін бірден-бір тетік. «Qyzylsha Zher» компаниясының осы мәселені қаперде ұстауы көңіл көншітеді. Демек, Шу ауданындағы іргелі шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлер «біз өнім өндірушілерміз» деп қарап отырмай, ауыл халқына әлеуметтік жағынан пайдасы тиер игі істерге атсалысып отыр деуге болады. Мұндай игі істің басы-қасында, бел ортасында жүру арқылы елдің еңсесінің көтерілуіне, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының жақсаруына үлес қосқан азаматтарға қоғам құрметпен қарауы керек. Сонда ғана әр ауданда бизнесін адал еңбекпен ұштастыра отырып әлеуметтік жауапкершілікке түсіністікпен қарайтындар қатары көбейеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ