Вакцинация – ұлт денсаулығының кепілі
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова вакцинацияның маңыздылығы туралы баяндама жасады.
Маманның айтуынша, иммундау – әлемдік денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен жетістіктердің бірі және ол жыл сайын миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Бүгінде аса жұқпалы, өмірге қауіпті аурулардың алдын алуға мүмкіндік беретін 30-дан аса вакцина қолжетімді.
Оның айтуынша, вакцинация тек балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де аса маңызды. Бұл – жұқпалы аурулардың таралуын тоқтатудың, індеттің алдын алудың ең сенімді жолы. Вакцинация арқылы қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптасып, дерттің өршу қаупі азаяды. Бұл әсіресе иммунитеті әлсіз немесе белгілі бір себептермен екпе қабылдай алмайтын адамдар үшін маңызды қорғаныс болып саналады.
Баяндамашы әсіресе ата-аналарды балаларын вакцинациялауға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Оның айтуынша, кей жағдайларда екпе салдыруға қатысты жалған ақпараттар мен қауесет сөздерге сеніп, уақытылы вакцина жасатпаған отбасылар кездесіп жатады. Бұл – қауіпті үрдіс. Себебі вакцина тек бір баланы емес, бүкіл қоғамды қорғайды.
Маманның сөзінше, егулер күнтізбесін сақтау – бұл тек жеке қауіпсіздік емес, қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілік. Себебі аурудың таралуы бір ғана адамның екпеден бас тартуынан да басталуы мүмкін.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ