Әлеумет

Қайта оралмас күндердің ең тәтті естелігі

2005 жылдың қазан айында алғашқы саны жарық көрген Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газеті талай жастың арманын қанаттандырып, қаламын ұштап, үлкен өмірге жол ашқан басылымға айналды. Солардың бірі – мен.

Жоғары оқу орнын тәмамдап, қолыма дипломымды алған сәтте журналист боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Дегенмен тағдырдың сыйы шығар, алғашқы еңбек жолым дәл осы редакциядан басталды. 2009 жылы жас тілші ретінде редакция табалдырығын аттаған күн әлі күнге дейін көз алдымда. Редакторым Болат Бекжанов ағамыздың «Журналистің ең басты қаруы – шындық пен қызықты әңгіме» деген сөзі менің алғашқы қадамдарыма демеу болды.

Алғашқы тапсырмам да ұмытылмас. Облыстық арнайы мектептегі іс-шарадан материал әзірлеуге барып, «прайс-релиз» деп сұрағанымда, ұйымдастырушының «Сізге, мүмкін, пресс-релиз керек шығар» деп сценарий ұстатқан сәті әлі күнге дейін езуге күлкі үйіреді. Алғашқыда титтей ақпарат жазудың өзі маған оңай соқпайтын. Әсіресе, әр сәрсенбі күнгі қарбалас, бейсенбі күнгі жоспар отырыстары – жас тілші үшін нағыз мектеп болды. Әріптестерімнің әзіл-шыны аралас ескертулері, бағыт-бағдары қаламымды шыңдады.

«Ар-Ай»-дағы әрбір күн қызыққа толы еді. Есет Досалы ағамыздың әзілі, Болат ағамыздың қамқорлығы, ұжымның жарасымды қалжыңы талай сәтті жеңілдетіп жіберетін. Бірде облыс әкімінің қатысуымен орыс тілінде өткен жиыннан кейін Есет аға: «Футболшы Тити екеуміз түк түсінбедік» деп келіп күлкіге қарық қылғаны бар. Осындай сәттер редакцияның шынайы бейнесін көрсететін.

«Ар-Ай» маған тек жұмыс емес, өмірлік мектеп болды. Осында жүріп шыңдалдым, достар таптым, отбасылық өмірге қадам бастым. Редакцияның «қыздардың аяғы жеңіл» деген киесі бардай, Болат аға «бұл жерден ұзатылмайтын қыз болмайды» деп әзілдейтін. Сол сөз шындыққа айналып, мен де тұрмысқа шықтым.

Редакцияда ана атанған сәтім де есте. Сол тұста «Ар-Ай»-ға жаңа басшы келеді» деген жаңалық ұжымды толқытты. Көп ұзамай Оралхан Дәуіт ағамыз редактор болып тағайындалды. Қарапайымдылықтың символы іспетті ол кісі дауыс көтермейтін, ашуға берілмейтін, жастарға әрқашан қолдау көрсететін басшы болды. Жазған дүниемді «жарамайды» деп қайтарған емес. Аз ғана уақыт бірге жұмыс істесем де, үйреткені көп. Оралхан ағаның тағы бір ерекшелігі – тақырыпқа деген талабы. «Материалың жақсы, бірақ тақырыбы айқайлап тұруы керек» дейтін. Тіпті кейде біздің жазғанымыздан да дөп түсіп, мақалаға өзі тақырып қойып беретін. Газеттегі әрбір айдардың, мақаланың шырайлы шығуына көп мән берді. Бұл да біз үшін үлкен мектеп болды.

Газеттің әр санын әзірлеу – өз алдына бір төбе әңгіме. Кейде баспадан бояуы жұғып, қате шыққан номерді түнімен түзетіп, облысқа жөнелткен кездеріміз де болды. Мерекелік кештерде де талай қызық өтті. Жасы үлкен ағаларды жастарға лайық мейрамханаға апарып, «светомузыкасы» басым ортаға түсіріп, ағайлардың қатты шудан басын айналдырып, ауыртып қойғанымыз үшін ұрыс естігеніміз әлі есімде. Бірақ бәрібір сол күндер біз үшін ыстық.

Әлеуметтік орталықтарға жиі баруым кейіннен тағдырымды балалар үйімен байланыстырып, бүгінгі таңда әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары қызметіне дейін жеткізді. Бұл жолда «Ар-Ай»-да жинаған тәжірибемнің үлесі зор екенін мақтанышпен айтамын.

Бүгінде «Ар-Ай» – жастық шағымның символы, қайта оралмас күндердің ең тәтті естелігі. Бұл газет 20 жылда талай жасқа жол ашып, қаншама қаламгердің тұсауын кесті, өңір жастарының шынайы мінберіне айналды.

Мен үшін «Ар-Ай» – тек басылым емес, өмірлік ұстазым, шексіз сағынышпен еске алатын алтын ұям.

Әсел Жұматаева,
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының
«Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы»
директорының оқу-әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары