Жамбыл жаңалықтары

1 қозы 1 миллион 400 мың теңгеге сатылды

Нарықта құны болмағандықтан шаруалар қойдың терісі мен жүнінен пайда табуды көп жылдан бері ұмытқан. Есесіне еттің бағасы базарда шарықтап тұр. Ақсаңдаған қойға дейін құны аспандаған мына заманда мыңғыртып мал айдамаса да қорасындағы 5-10 тұяқ малының дене тұрқы келісті, өзі салмақты, етті болуына ден қойғандардың қатары бүгінде көбейіп келеді. Дұрыс-ақ, өйткені нарықта сұранысқа не ие болса, соған ден қойғандардың ұтылмайтыны анық.

Жалпы етті қой өсірудің ең басты шарты малды асылдандыру екені баршаға мәлім. Бұл тұрғыда мемлекет малын асылдандырғысы келетіндерге тиісті қолдау көрсетіп келеді. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз, қазіргі уақытта даланың да, қаланың да қазағы асылтұқымды мал ұстап, одан алынған тұқымды өзгелерге сатып пайда табуға білек сыбана кірісуінде. Мәселен, өткен сенбіде Жамбыл ауданының «Ас-Ер» мал базарында өткен асылтұқымды қой жәрмеңкесінде осыны аңғардық.

Жалпы бұған дейін облыс көлемінде бірнеше рет асылтұқымды қой көрмесі мен жәрмеңкесі өткенін білеміз. Осы жолғы жәрмеңкеге мал әкелгендердің дені Тараздан болғандықтан қалада отырып-ақ қыруар пайда табуға болатынын ұққандай болдық. Онда әкелінген қошқарлардың кейбірінің салмағы 200 келіге дейін барады екен. Қошқар өсірумен айналысып жүрген шаруалар жәрмеңкеге елге танымал тұқымдарды алып келіпті. Мысалы, «Бульдозер», «Атаман», «Борман», «Гламур» сияқты атауларға ие атақты қошқарлардың тұқымдарына жұрттың қызығушылығы ерекше болды. Әрине, асылтұқымды малдың бағасы да арзан емес. Ондағы қозылардың өзі 100 мың теңгеден басталып, кейбір ірі қошқарлардың бағасы 135 мың АҚШ долларына дейін барды. Ал атағы алысқа кеткен асылтұқымды қойдың кейбірінің құны бұдан да жоғары болуы мүмкін. Өйткені Тараз қаласының «Әли» шаруа қожалығы «Байсары» атты тұқымнан тараған қошқарға сатып алушылар 130 мың АҚШ долларын ұсынғанда, иесі «150 мың АҚШ доллар» деп бермей қойыпты. Иесі 1 қозысын 1 миллион теңгеге сатқанын айтты. Саулықтың бағасы 300 мың АҚШ долларына дейін барады.

Байзақ ауданы, Байзақ ауылындағы «Әлинұр» шаруа қожалығының төрағасы Елнұр Шартықбаев жәрмеңкеге 30 саулық әкеліпті. Асылтұқымды саулықтар 5-15 мың АҚШ доллары аралығында ұсынылды.

Жәрмеңкеде Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы да жүрді. Орайын тауып, аудан әкімімен де әңгімелестік. Ерлан Қыдыралыұлы мал бағасын салыстырып көргенін, шаруалар асылтұқымды мал ұстауға ден қоюы қажеттігін, оның ішінде жастар осы кәсіпті қолға алса жаман болмайтынын сөз етті. Сондай-ақ «Ас-Ер» мал базары басшылығына базарды жаңғыртудан өткізу қажеттігі жөнінде тапсырма берілгенін айтты.

Осы жәрмеңкенің өтуіне атсалысқан, анығын айтқанда, ұйымдастырушылардың бірі Елдар Боранбекпен де тілдестік.

Жуалы ауданынан келген Дархан Станбеков 20 бас «Байсары» тұқымын әкеліпті. Күреңбел ауылындағы «Жанасыл» шаруа қожалығына тиесілі малдың біреуінің бағасы 500 мың теңгеден басталады. Шаруашылықтағы 1 мың қойдың 600-і саулық болса, жалпы уақ малдың 80 пайызы асылтұқымды.

Сол секілді «Омар» шаруа қожалығының басшысы Дәурен Көпбосыновпен де сөйлестік. Ол бір қошқарына 135 мың АҚШ долларын сұрап тұрды.

Жалпы қой өсірушілердің еңбегін насихаттап, осы салаға қызығушылардың қатарын арттыруды көздейтін жәрмеңкеге Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан да 50-ге жуық шаруа қожалық қатысты.

Асылтұқымды қойдың саудасы қызған іс-шарада қазақтың ұлттық ойыны арқан тартыс пен қол күрес ұйымдастырылды. Бәйгенің алдына 100 мың теңге тігілді. Соңынан аукцион ұйымдастырылды. Мысалы, жәрмеңкеде 1 қозы 100 мың теңгеге саудаланса, аукционда ең таңдаулы деген 1 қозы 1 миллион 400 мың теңгеге сатылды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ