Туған жердің түлеуі – тазалықтан
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңірімізде өз жалғасын табуда. Тараз қаласында өткен кезекті тазалық акциясына «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен оған қарасты салалық кәсіподақтар ұйымдарының өкілдері де қатысты.
«Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Қарауловтың айтуынша, сенбілік Астана қаласында және еліміздің барлық өңірлерінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясысының бастамасымен Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.
Тараз қаласында өткен «Таза Қазақстан – болашақ үшін» акциясына қатысқан кәсіподақ мүшелері ағаш көшеттерін отырғызып, кәсіподақ ғимаратына іргелес аумақ пен Көшек батыр көшесі бойындағы сквер мен саябақты тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға 6 салалық кәсіподақтың 21 бастауыш ұйымынан 130 адам қатысты.
Бұл акцияға Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының аппарат қызметкерлері, Тараз қалалық білім мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері қатысып, табиғатты қорғау жолындағы игі бастамаға өз үлестерін қосты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
Тараз қаласы