Аудан әкімдеріне жүктелген жауапкершілік жоғары
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.
Жиында ең әуелі «Әулиеата» ауданының әкімі Барлық Төреханов аудандағы санитарлық тазалық жұмыстары туралы баяндады. Аудан аумағында абаттандыру, санитарлық тазалау, көгалдандыру бағытында ұйымдастыру және практикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Есепті кезеңде барлығы 24 сенбілік ұйымдастырылып, оларға 10 мыңнан аса адам қатысып, 150-ден аса техника тартылды. Сенбіліктерде аудан аумағына қарасты көшелер мен арық жүйелері, саябақтар мен қоғамдық орындар тазаланды. 690 тонна күл-қоқыс қала аумағынан тыс арнайы орындарға шығарылды.
Келесі кезекте «Жібек жолы» ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Олжабаев аудандағы санитарлық тазалық жұмыстары, Тараз қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Данияр Азимов санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және бей-берекет сауда орындарын жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дина Раманкулова заңсыз орналасқан дүңгіршектерді алу жұмыстарына кеңінен тоқталды.
Кеңесте сонымен қатар 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен Тараз қаласы бюджетінің орындалуы, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілу барысы, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, білім мекемелерінде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары, қала көшелерінде орналасқан көрнекі ақпарат құралдарының жай-күйі, тұрғын үй көмегі секілді маңызды мәселелер жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы аудандардың әкімдеріне жүктелетін жауапкершілік жоғары екенін айрықша атап өтіп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы