Агрессор ата-аналар қатаң бақылауда
Кеше облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов төрағалық етті.
Күн тәртібінде 4 мәселе, атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, агрессор ретінде есепке алынған ата-аналармен, жайсыз отбасылармен және есепте тұрған кәмелетке толмағандармен жүргізіліп жатқан жұмыстар, білім беру мекемелеріндегі құқықтық түсіндіру шаралары мен мобильді топтардың қызметі, сондай-ақ комиссия отырысының 9 айлық қорытындысы қаралды.
Басқосуда атқарылған жұмыстар туралы облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлішер Қалышев баяндама жасады.
Сондай-ақ, 2025 жылдың сәуір айынан бастап агрессорлармен жұмыс «FSM Social» ақпараттық жүйесі арқылы жаңа форматта жүргізіліп жатыр екен. Бұл бағдарлама арқылы тіркелген мәліметтер тиісті мекемелерге 3 күн ішінде жолданып, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Әлішер Қалышевтің айтуынша, бұл тәсіл балалардың құқықтарын қорғауда және отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуда тиімді нәтиже беруде.
Наурыз айында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, қауіп тобындағы тұлғаларды әлеуметтендіру, емдеу және қолдау шаралары қолға алынған. Учаскелік инспекторлардың бастамасымен 22 адам нашақорлық пен маскүнемдікке қарсы мәжбүрлі емге жіберілсе, 30 адам ерікті түрде оңалту орталықтарына жатқызылған. Сондай-ақ, 2 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, 20 адамға ерікті түрде психологиялық көмек көрсетілген.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында бірқатар профилактикалық шаралар ұйымдастырылыпты. «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Учаске», «Құқықтық тәртіп» атты жедел іс-шаралар барысында 2246 рейд өткізіліп, 8 414 бала полицияға жеткізілген. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзған 8 289 жасөспірім анықталыпты.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабымен (түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүру) 7013 дерек тіркелсе, ата-ананың бала тәрбиесіне салғырт қарауы бойынша – 1 040, бұзақылық бойынша – 217, ойын-сауық мекемелерінде болу бойынша 195 дерек анықталған. Ал буллинг пен кибербуллинг бойынша алғаш рет 18 дерек тіркеліп отыр.
Жалпы өңірде есепте тұрған кәмелетке толмағандар саны – 415, ал жайсыз отбасы – 279. Арнайы мектепке 19 бала жіберілген, 63 ата-ана ата-ана құқығынан айырылған. 177 бала өмірлік қиын жағдайға орналастырылған.
Сондай-ақ құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында облыс көлемінде кең ауқымды түсіндіру шаралары жүргізіліпті. 9 599 құқықтық тақырыптағы сөз сөйлеу ұйымдастырылса, оның 7 221-і оқу орындарында, 2 378-і бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Сонымен қатар, 218 «дөңгелек» үстел мен 814 ата-аналар жиналысы өткізіліпті.
Жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны 3,3 пайызға (60-тан 58-ге) төмендеген.
Баяндаманы тыңдаған Серік Жақсылықұлы агрессор ретінде есепте тұрған 12 ата-анамен қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндамашыдан сұрады.
Бұл ретте Әлішер Қалышев отбасын қолдау орталықтарымен бірлесіп психологиялық, әлеуметтік және медициналық көмектер көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, 12 ата-анаға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалғанын және екі тұлға 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылғанын атап өтті. Мектептердегі бейресми көшбасшылар санының артқаны және олармен жүргізіліп жатқан жұмыстар да баяндалды.
Серік Жақсылықұлы жасөспірімдердің беймезгіл уақытта жүруіне жол бермеу қажеттігін ескертті. Егер жасөспірімдер түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген жағдайда ата-аналар жауапқа тартылып, айыппұл төлеуі тиіс екенін түсіндіретін видеороликтер жергілікті БАҚ-та көрсетілуін тапсырды.
Жиында сонымен қатар облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұқанов, облыс әкімі аппаратының қоғамдық даму бөлімінің инспекторы, комиссия хатшысы Қарлығаш Салықбаева да есеп берді.
Комиссия отырысында мобильді топ мүшелерінің құрамын қайта қарау және «Отбасылық сағат» жобасын енгізу туралы ұсыныстар айтылды.
Айжан ӨЗБЕКОВА