Жолды сапасыз салуға жол берілмейді
Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Онда жол құрылысы жұмыстарының барысы және қысқы кезеңге дайындық жайы қаралды. Жиында облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов баяндама жасады.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, биыл жол саласына 28 миллиард теңге бөлініпті. Соның есебінен 184 жобаны іске асыру аясында 17,7 шақырым көше жолдары мен 6 көпір құрылысы, ұзындығы 8 шақырым болатын жолдар қайта жаңғыртудан өтуде. 440,5 шақырым жолдар орташа жөндеумен қамтылуда. Осы жобаның 23-і 2024 жылдан өтпелі болса, қалған 161-і жаңа жоба, оның 23-і келесі жылға өтпелі. Аталған жобалардың бүгінде 136-сы аяқталып, 48-інде тиісті жұмыстар жалғасып жатыр екен.
Өз кезегінде облыс әкімі жол жөндеу барысында сапасыз орындалған жұмыстар мен мерзімінен кешіккен нысандар бойынша кемшіліктер бар екенін еске салды. Осыған қатысты аймақ басшысы тиісті мердігерлерге, жалпы жолдың сапасы мен жауапкершілігіне қатысты қандай шаралар қолданылып жатқанын аталған басқарма басшысынан сұрады. Одан бөлек, қысқы мезгілде жолды күтіп ұстауда арнайы техникалардың жетіспейтінін айта келе, бұл бағытта жұмысты тиімді ұйымдастыру, қыстыгүні жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанына назар аударды.
М.Саурықовтың айтуынша, есепті мерзімде тиісті міндеттемелерді орындамаған мердігерлерге 3,2 миллион теңге айыппұл салыныпты. Бір мердігерді жосықсыз деп тану үшін сотқа арыз жолданыпты. Автожолдарды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына дайындық барысында өткен айдың ортасына дейін мердігерлерді анықтау рәсімдері аяқталып, қазіргі уақытта инертті материалдар қорын толық дайындау, жол техникаларының жағдайын тексеріп, қыс мерзіміне әзірлеу, өндірістік базалар мен бокстарды жұмыс деңгейіне келтіруді аяқтау, 1 қарашаға дейін қысқы уақытша жол белгілерін орнату шараларын жүргізіліп жатыр екен.
Жиында белгілі болғандай, Жуалы ауданында қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына мердігерді анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері әлі аяқталмапты. Сол секілді Жамбыл ауданында мемлекеттік сатып алу конкурсы «Баға ұсынысын сұрату» тәсілімен жарияланған көрінеді. Талас, Т.Рысқұлов аудандары бойынша қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу рәсімдері мүлдем ұйымдастырылмапты. Осы секілді тиісті кемшіліктер бойынша облыс әкімі Тараз қаласы мен бірқатар аудан әкімдерінен жауап алды. Сондай-ақ «Қазавтожол» акционерлік қоғамы облыстық филиалы мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы басшыларының жауаптарын да тыңдады.
Бұдан кейін азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы қаралды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ