Жаңалықтар

Прокуратура қызметі толық цифрландырылды – Берік Асылов

Бүгін Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен құқықтық тәртіп саласында цифрлық құралдарды дамыту, қылмыстық қатерлерді болжау және қылмыспен күрес тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды arainfo.kz

Отырыста Бас Прокурор цифрлық прогрестің жаһандық дамудың басты қозғаушы күшіне айналып отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, құқық қорғау саласында IT-технологияларды енгізу прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.

Қылмыстық процесс, әкімшілік сот ісін жүргізу, мемлекеттік бақылау және азаматтардың өтініштерін қарау процестері толықтай цифрландырылған. Бұл жүйелер жыл сайын ондаған мың азамат пен кәсіпкердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ, Ұлттық цифрлық платформа аясында инвесторларды қорғау тетігі іске қосылған. 20 қаңтардан бастап бірде-бір мемлекеттік орган прокурордың келісімінсіз инвесторды тексеруге, жауапкершілікке тартуға, қызметін тоқтатуға немесе лицензиясын қайтарып алуға құқылы емес.

Асыловтың айтуынша, жаңа жүйе мемлекеттік органдардың деректер базаларына, «ақылды» камералар мен дрондарға қосылған. Ол мәліметтерді талдау арқылы іздеудегі адамдар санын 24 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.

«Цифрлық қадағалау» жүйесі қоғамдық тәртіпті сақтау, заңсыз кен өндірудің алдын алу, пробация есебіндегі тұлғаларды бақылау және құқық қорғау органдарының өзге де бағыттарында тиімді қолданылып келеді.

Сонымен қатар Бас Прокурор Берік Асылов құқық қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінде цифрлық технологияларды қолданудың жаңа бағыттарын таныстырды. Ол қылмыстылықты болжау мен цифрлық талдауды прокуратура қызметінің негізгі басымдықтарының бірі ретінде атап өтті.

Аталған орталық құқық бұзушылықтардың динамикасын талдап, жаһандық қатерлерді бақылайды және мемлекеттік органдарды нақты уақыт режимінде хабардар етеді. Қазіргі уақытта «е-Өтініш» жүйесі арқылы «зорлық-зомбылық», «сыбайлас жемқорлық», «буллинг» сияқты тақырыптар бойынша азаматтардың өтініштерінен тәуекелдерді анықтайтын модель сынақтан өтуде.

Берік Асылов Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын және оның заң мен тәртіпті қорғауда жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Digital Bridge форумында «Әлем Ай» жасанды интеллект зертханасы ашылғаны белгілі болды. Прокуратура бұл құрылыммен қылмыспен және өзге де құқық бұзушылықтармен күрестегі тиімділікті арттыру мақсатында ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр.

Бас Прокурордың айтуынша, цифрлық технологиялар киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы күресті де айтарлықтай күшейтті. «Қазақтелекоммен» бірлесіп, алаяқтық қоңырауларды бұғаттайтын АнтиФрод Кол-орталығы іске қосылды.

Жақын уақытта бұл тәжірибе өңірлерде де кеңейтілетін болады.

Басым бағыттардың бірі – есірткі қылмыстарымен күрес. Прокуратура «ақша ізін қуу» қағидаты бойынша есірткі бизнесін ұйымдастырушылардың цифрлық активтерін тәркілеудің жаңа әдістемесін әзірлеген.

Нәтижесінде 85 мыңнан астам банк картасы 2,3 млрд теңгеге бұғатталды, ал жалпы бұғатталған активтердің көлемі 11,5 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар жасанды интеллект негізінде чат-бот енгізіліп, оның көмегімен 12 мың есірткі шоты анықталды.

Берік Асылов прокуратура қызметкерлерін жаңа цифрлық сын-қатерлерге бейімдеу қажеттігін де атап өтті. Бұл бағытта киберанықтау мен жасанды интеллект талдауын меңгерген, сертификатталған кибертергеушілер мен киберпрокурорларды даярлау көзделуде.