Таразда мейрамхана мәзірі мерейтойды бүлдірді
Таразда мерейтойға арналған банкет сапасыз ұйымдастырылып, тұтынушы құқығы бұзылды, деп хабарлайды arainfo.kz
Тараз тұрғыны анасының 80 жылдық мерейтойын атап өту үшін мейрамханаға алдын ала тапсырыс беріп, мәзірді бірнеше рет келісіп, барлық соманы толық төлеуге дайын екенін айтқан. Ол егде жастағы қонақтарға арнап дастарқанның мол әрі сапалы болуын талап еткен.
Алайда мереке күні ұсынылған ас мәзірі мүлде сәйкес болмаған: ыстық тағамдар дәмсіз, ет аз, әр үстелге бір ғана апельсин мен мандарин қойылған. Уәде етілген сазан балығы орнына бір ғана скумбрия берілген. Тіпті танымал кондитерлік өнімдер белгісіз тәттілермен алмастырылған. Қонақтардың алдында ыңғайсыздыққа тап болған отбасы 200 мың теңге өтемақы талап етті.
Мейрамхана иесі қызметтің сапалы көрсетілгенін алға тартып, шығынды өтеуден бас тартты. Осыдан кейін тапсырыс беруші Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Мамандар талап арыз әзірлеп, фото және видео айғақтарды тіркеді. Нәтижесінде екі күн ішінде кәсіпкер тұтынушыға 150 мың теңге қайтарды.
Бұл жағдай қоғамдық тамақтану саласында тұтынушы құқығы қорғалуы мүмкін екенін көрсетті.