Қазақстан мектептерінде жаңа тамақтану стандарты енгізілді
Қазақстан мектептерінде жаңа тамақтану стандарты енгізіліп, балалардың рационында зиянды өнімдер азайтылып, пайдалы тағамдардың үлесі артты, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстан мектептерінде жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Енді балалардың ас мәзірінде тұз бен қант мөлшері қысқарып, көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдері көбейеді. Ал шұжық өнімдері, газды тәтті сусындар мен ысталған тағамдарға тыйым салынады.
Бұл құжатты Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігі, Қазақ тағамтану академиясы, ЮНИСЕФ және ДДҰ-мен бірлесіп әзірлеген. Мақсат – балалардың дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және артық салмақ пен семіздіктің алдын алу.
Қазірдің өзінде елімізде 6–9 жас аралығындағы әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегіп отыр. Егер жағдай өзгермесе, 2035 жылға қарай олардың саны 1,9 миллионнан асуы мүмкін.
Жаңа стандарт мәзір сапасын бақылауды да қамтиды. Арнайы онлайн-калькулятор арқылы тағамның құнарлылығы мен дәрумендер құрамы есептеледі. Сондай-ақ Balaman.kz сайты іске қосылды, онда ата-аналар мен мұғалімдерге арналған барлық ақпарат жинақталған.
Мамандардың айтуынша, мектептегі дұрыс тамақтануға салынған әрбір инвестиция ел экономикасына тоғыз есе пайда әкеледі. Жаңа жүйе балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, оқу үлгеріміне де оң әсер етеді деп күтілуде.