Жаңа оқу жылы қандай оқулықпен басталады? 2026–2027 жылғы кітаптар қоғамдық талқылауға шықты
2026–2027 оқу жылына арналған жаңа мектеп оқулықтары қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды arainfo.kz
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жаңа оқулықтардың жобалары Білім беру мазмұнын сараптау орталығының talqylau.bmso.kz сайтында «Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау» бөлімінде жарияланды.
Талқылауға келесі пәндер ұсынылған:
- 4-сыныптар үшін – «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ мектептері үшін), «Математика» (қазақ және орыс тілінде), «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу»;
- 7–10 сыныптар үшін – «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», сондай-ақ ағылшын, неміс және француз тілдері.
Қоғамдық талқылау онлайн форматта өтуде. Бұл педагогтерге, ғалымдарға, әдіскерлерге және кез келген қазақстандыққа оқулықтардың мазмұнына пікір білдіруге мүмкіндік береді.
Ведомствоның мәліметінше, оқулықтар бес кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау, пилоттық мектептерде апробация, қоғамдық талқылау және пәндік комиссияның қорытындысы. Қазір жобалар 34 пилоттық мектепте сынақтан өткізілуде.
Барлық кезеңнен өткен оқулықтар Оқу-ағарту министрлігі бекітетін ресми тізімге енгізілмек.