Әлеумет

Әуе үлгілеу – болашағы зор сала

Кез келген дамыған елде мектеп оқушылары бастауыш сыныптан бастап инновациялық технологиялар мен ғылыми жетістіктерді зерттеуге күш салады. Әсіресе, тұрмыстық техникадан бастап авиациялық ұшақтар мен ғарыштық зымырандардың кішірейтілген үлгілерін жасап, жаңа жобаларды спорттық жарыстарда сынау жүйелі жолға қойылған. Облысымызда да ұшақ, зымыран құрастырып, жарқын жетістіктерге жетіп жүрген өрендер аз емес.

Өкініштісі, Әулиеата өңірінде осындай талапты ұл-қыздарға кәсіби бағыт-бағдар беретін ұстаздар жоқтың қасы. Анығын айтқанда, облыс көлемінде әуе кемелерін модельдеу бойынша шәкірт тәрбиелеп жүрген бар-жоғы 2 маман бар екен. Соның бірі – Жамбыл ауданының тумасы Қайрат Отарбаев.

Қайрат Дәулетқұлұлы 40 жылға жуық уақытын білім саласына арнаған жан. Ұзақ уақыт Аса ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда еңбек пәнінен сабақ берген. Бүгінде Жамбыл аудандық техникалық-шығармашылық орталықта әуе үлгілеу үйірмесіне жетекшілік етіп жүр.

Қайрат Дәулетқұлұлы тоқсаныншы жылдардың басында балалар мен жасөспірімдер орталығында қызмет істеген екен. Зымыран мен түрлі ұшақтарды үлгілеуді сол кезде меңгерген. Кейін Кеңес үкіметі ыдыраған соң орталық жабылып, бұл сала ұзақ уақыт тұралап қалған көрінеді. Тек 30 жыл өткен соң Жамбыл ауданында техникалық-шығармашылық орталық қайта ашылып, әуе кемелерін үлгілеу бағытын жандандырудың сәті түседі.

Орталық басшылары «тәжірибесі бар шебер» деп аттай қалап шақырып тұрған соң Қайратқа өткен күндердегі білімін қайта еске түсіруге тура келеді. Оқушыларға үйретпес бұрын өз біліктілігін жетілдіріп алуды жөн көрген ұстаз осы саладан хабары бар маманды таба алмай дал болады. Ақырында Тараз қаласындағы облыстық техникалық-шығармашылық орталықта әуе үлгілеу үйірмесіне жетекшілік етіп жүрген Александр Лысенко есімді шебердің бар екенін естиді. Сөйтіп Александрға барып, әуе көлігін, зымыран үлгілерін құрастыру бағыты бойынша толыққанды мәліметке қанығып алады. Сол кезден бері қос әріптес бірлесіп жұмыс істеп келеді.

Себебі ол балаларды ғылымға жетелейді, ойлау қабілетін шыңдайды, техникалық білімін арттырады.

Сондай маңызды жобаның бірі – күн сәулесін тиімді пайдаланып, жердің қараңғы аумақтарын жарықтандыру жобасы. Аталған жобаны 11-сынып оқушысы Жарқынбек Дәулетхан атты талантты шәкірті құрастырған. Үйірме жетекшісі қажет кезде көмектесіп, ой қосып отырған.

Жалпы бұл жоба адамзаттың ежелден келе жатқан арманымен үндесіп жатыр. Көпшілігіміз білетіндей, жердің бір бетінде күн шықса, екінші бетінде қара түнек орнайды. Ал солтүстік пен оңтүстік полюстерде бұл құбылыс тіпті шегіне жетіп, 6 ай бойы күн нұры шашылып тұрса, келесі 6 айда қараңғылық басады. Осындай ұзақ уақыт бойы жарықсыз қалатын аумақтарда адамдардың тіршілігі мен шаруашылық жұмыстары едәуір қиындыққа тап болатыны белгілі. Сондықтан қараңғылықты сейілтудің, күн сәулесін жасанды жолмен жеткізудің ғылыми жолын іздеу – бүкіл адамзат алдында тұрған маңызды міндет.

Осы мәселені шешу үшін Жарқынбек ғарышқа ұшыратын жасанды күн серігін ойлап тапқан. Құрылғысына «Қазсат-4» деген атау беріп, оған көлемді айналар орнатыпты.

Әрине, мұндай бастама алғаш естігенде қиял-ғажайып ертегі сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен ғылым тарихына көз жүгіртсек, ең үлкен жаңалықтар дәл осындай қиялдан туғанын көреміз. Кезінде адамдардың Айға қонуы, ғарышқа жасанды серік ұшыруы да мүмкін емес арман болып көрінген. Бүгінде ол – шындық. Демек, күн сәулесін Жердің қараңғы бетіне бағыттау идеясы да ертеңгі күні нақты жүзеге асуы ғажап емес.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ