Пәтуаны чат-боттан сұрауға болмайды
Соңғы уақытта интернет қолданушылары арасында діни сауалдарын жасанды интеллектке жолдап, пәтуа сұрау кең етек жайып келеді. Атап айтқанда, ChatGPT секілді нейрожелілерге «бұл халал ма, харам ба?», «осылай етуге бола ма?» деген сұрақтармен жүгінушілер қатары артып отыр. Бірақ мамандар бұл өте қауіпті тенденция екенін айтады. Өйткені діни үкім – жай ғана ақпарат емес, ол жауапкершілік пен діни біліктілікті қажет ететін салмақты шешім.
Бұл мәселе Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде де көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жасанды интеллектпен жұмыс істеудің этикалық негіздерін қайта қарау қажеттігін атап өтті.
«Бірақ этикалық нормалар технологиялық прогрестің қарқынына ілесе алмай жатыр. Таңдау құқығы мен жеке өмірдің құпиялығын қорғау, цифрлық теңдікті және жасанды интеллектіні пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді көптеген дилемма салдарынан жаңа сын-қатерлер туындады. Дін көшбасшылары адамгершілік құндылықтар мен асқақ мұраттардың сақшысы ретінде адамзаттың цифрлық келешегі туралы пікірталасқа атсалысуы керек деп ойлаймын. Кез келген технология адам игілігіне қызмет етуге тиіс. Ол үшін дін көшбасшыларының, ғалымдар мен технократ-инженерлердің тұрақты диалогын ұйымдастыру қажет. Жасанды интеллект еліміздің қарқынды дамуына жол ашады. Әйтсе де этикалық нормаларды сақтаудың маңызын жақсы түсінеміз. Сондықтан бұл бағытта кеңінен ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынамын. Ол нейрожелілер мен басқа да серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттарын әзірлеумен айналысады. Бұл жерде «алгоритмдерге арналған қағидалар» жинағын әзірлеу туралы сөз болып отыр. Онда адамның қадір-қасиетін құрметтеу, дискриминацияға жол бермеу, аса маңызды шешімдерді бақылауда ұстау мәселелері ескерілуге тиіс», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы көтерген этика мәселесі – әсіресе діни тақырыптарда аса маңызды. Себебі жасанды интеллект қандай да бір сұраққа сенімділікпен жауап бергенімен, оның негізінде діни білім мен фиқһ ережелері жатқан жоқ. Ол тек интернетте бар мәліметтерге сүйеніп, ықтимал жауаптарды ұсынады. Бұл шариғат нормаларын бұрмалауға әкелуі мүмкін.
Осы ретте теолог Кеңшілік Тышқанұлы дін саласында жасанды интеллектіні қосымша құрал ретінде пайдаланған жөн деп санайды. Маманның айтуынша, технология дәуірінде жасанды интеллектіні айналып өту мүмкін емес.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Шариғат және пәтуа бөлімі мамандарының айтуынша, жасанды интеллект ақпарат іздеу, мәтін аудару, деректерді талдау сияқты техникалық бағыттарда пайдалы құрал ретінде қолданылуы мүмкін. Алайда діни үкім сұрауға мүлде болмайды. Себебі жасанды интеллект сұрақ қоюшының нақты жағдайын, әлеуметтік контекстін, ниетін, діни деңгейін ескере алмайды. Сонымен қатар, интернеттегі бар дереккөздерді пайдаланғанымен, оның ішінде сенімсіз, шариғатқа қайшы ақпараттар да болуы мүмкін. Яғни жүйе ғалымдар секілді үкім бере алмайды, тек ақпараттарды автоматты түрде біріктіріп қана шығарады.
Облыстық «һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Нұралы Бақтыұлы бұл жөнінде нақты мысал келтірді:
Жасанды интеллекттің мүмкіндігі мол, алайда оны дұрыс бағытта қолдану – уақыт талабы. Дін дегеніміз – білім мен жауапкершілік. Сондықтан пәтуаны чат-боттан емес, шариғат маманынан сұраған жөн.
Айжан ӨЗБЕКОВА