Музейдің басты тренді – сандық жүйеге көшу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жасанды интеллект дәуірінде мәдениет пен өнердің рөлі ешқашан төмендемеуі тиіс екенін, осы салада инфрақұрылымды жаңғырту мен мәдени мекемелерді заманауи талаптарға бейімдеу қажеттігін нақты атап өтті.
Бұл – ұлттың рухани негізін нығайтуға бағытталған маңызды әрі дер кезінде қабылданған шешім екені сөзсіз. Президенттің осы ұстанымы музей ісіне де тікелей қатысты. Себебі бүгінгі музей – жай ғана жәдігерлерді сақтайтын орын ғана емес, ол – тарих пен болашақты жалғайтын, заманауи технологиямен жабдықталған, жас ұрпақпен интерактивті байланыс орнататын жаңа форматтағы мәдени орта. Музейлер – ұлт жадының тірі куәгері. Сол себепті музейлер заман талабына сай трансформацияланып, жасанды интеллект, виртуалды көрмелер, цифрлық архивтер мен интерактивті экспозициялар сияқты жаңа шешімдерді енгізуге ұмтылуы қажет.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Айқын» газетіне берген сұхбатында мәдениет саласындағы цифрландырудың маңызына ерекше тоқталды. Министрдің айтуынша, цифрландыру – тек есеп жүйесін жаңартумен шектелмейді. Бұл – ұлттық мұраны сақтау, оны кең ауқымда таныту және келешек ұрпаққа жеткізудің ең тиімді заманауи тәсілі.
Сонымен қатар министр мәдениет пен өнердің шекарасыз қолжетімділігіне қол жеткізу үшін цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет екенін жеткізді. Соңғы жылдары елімізде осы бағытта, яғни мәдени нысандарды цифрлық форматқа көшіру, автоматтандырылған жүйелерді енгізу бойынша нақты жұмыстар атқарылуда. Осы сөзіміздің айқын дәлелі – биыл іске қосылатын E-museum веб-порталы. Бұл – Қазақстан музейлерінің бірыңғай виртуалды алаңы болмақ. Платформа арқылы қолданушылар еліміздің мәдени мұрасын 3D үлгіде, интерактивті форматта көруге мүмкіндік алады. Жоба аясында мемлекеттік музей қоры электронды форматта үздіксіз жаңартылып отырады.
Сондай-ақ «Айша бибі» кесенесінде электрондық билет жүйесін енгізу жұмыстары басталған. Бұл жүйе бейнекамера, турникетпен жабдықталып, face ID немесе ID-карта арқылы кіру мүмкіндігін ұсынады. Осындай жүйелер «Әзірет Сұлтан», «Отырар» музей-қорығы, «Қарахан кесенесі» сынды тарихи нысандарда да енгізіледі. Министрдің сөзімен айтсақ: «Мәдениет цифрланбаса – ол тұйықталады. Қазіргі ұрпақ ақпаратты визуалды, интерактивті түрде қабылдайды. Егер біз жастарды ұлттық мәдениетке тартқымыз келсе, оны олардың тілімен, яғни цифрлық ортада сөйлетуіміз керек. Бұған қоса, цифрландыру – мұраны сақтау кепілі. Қағаз құжат пен қолжазба тозады, бірақ цифрлық нұсқа мәңгі сақталады және әлемнің кез келген нүктесінен қолжетімді болады».
Салада қолға алынған ауқымды өзгерістер аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі де жаңаша бағытта жұмыс істеп, тың бастамаларды жүзеге асыруда. Өңірдің рухани және мәдени орталығына айналған облыстық музей Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі. 1931 жылы есігін айқара ашқан музейде бүгінде 72 мыңнан аса бірегей жәдігер сақтаулы.
Жоғарыда айтқанымыздай музей қызметі тек жәдігерлерді жинақтап, сақтаумен ғана шектелмейді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейтжан Ілиястың айтуынша, қоғамда тарихи сананы қалыптастыру, ұрпаққа рухани мұраны жеткізу, білім беру, ғылыми зерттеу және мәдени іс-шаралар өткізу – мекеменің негізгі бағыттарының бірі.
Музейдің басты мақсаты – тарихи-мәдени мұраларымызды ғылыми-танымдық тұрғыдан жүйелеп, көпшілікке қолжетімді ету, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды саналы түрде жеткізу.
Музейдің 4 негізгі залы – «Тарихқа дейінгі кезең», «Тараз қаласының тарихы», «Қазақ этнографиясы» және «Әулиеата кезеңі» – облысымыздың бай тарихынан сыр шертеді. Сонымен қатар, музей құрамында 9 қалалық және 4 аудандық бөлім жұмыс істейді. Олар – көркемсурет галереясы, Д.А.Қонаев орталығы, Асанәлі Әшімов шығармашылық орталығы, «Даңқ» залы, Бауыржантану орталығы, К.И.Скрябин музей-үйі, Ерте ислам дәуірінің мешіті және Шу, Т.Рысқұлов, Сарысу, Жуалы аудандарындағы тарихи-өлкетану музейлері.
Музей қызметкерлері алдағы уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігімен келісілген үш жылдық жоспар аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне тиесілі e-museum.kz веб-порталын одан әрі жетілдіру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – музей заттарының 3D үлгілерін жасау.
Айжан ӨЗБЕКОВА