«Әскер барысы» анықталды
Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубында Қазақстан әскери қызметшілері мен күштік құрылым өкілдері арасында «Әскер барысы» турнирі өтті.
Бозкілемге шыққан 90 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі балуандар өздерінің күшін, төзімділігі мен техникалық шеберлігін паш етті. Тартысты белдесулердің нәтижесінде Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубының балуаны, аға лейтенант Марат Байқамұров чемпион атанды. Оның әріптесі сержант Әділ Оразбаев екінші орынды иеленді. Ал жүлделі үшінші орынды Ұлттық ұланның қатардағы жауынгері Жандос Сейтенов жеңіп алды.
«Әскер барысы» турнирі күштік құрылымдар қатарындағы ең мықты балуандарды анықтап қана қоймай, әскери қызметшілер арасында ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған маңызды кезеңге айналды.
Турнир армия спортшыларына тән дене дайындығы мен спорттық рухтың жарқын көрінісі болды. Алтын, күміс медаль иеленген спортшылар «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық кезеңінде Қорғаныс министрлігінің намысын қорғайтын болады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ