Сарбаз атану – салмақты миссия
Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасып жатыр. Биыл облысымыздан шамамен 1 600 жігіт мерзімді әскери қызметке аттанады.
Шақырылушыларды іріктеу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қыркүйек айы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметіне жасақтар құруға арналған. Келесі кезеңде яғни, кейінгі айларда ҚР Қарулы күштеріне іріктеу басталады. Ал дәстүр бойынша күзгі науқан Ұлттық ұланға шақырылушыларды жасақтаумен түйінделеді.
Жалпы ел қауіпсіздігінде енжарлық танытып, әскерден қашып, шақыру қағазын елемей жүретін азаматтар көп. Дейтұрғанмен шақыруды күтпей, әскери комиссариатқа өз еркімен баратын жастар да аз емес. Мұндай қадамға көп жағдайда үлкендердің қолдауы итермелейді.
«Әскерге бару – әрбір ер-азаматтың парызы!» – деген берік ұстаным Қуаныш Болатұлының отбасындағы барлық ер-азаматтарға ортақ. Сондықтан да әулеттің ақсақалы, Қуаныштың атасы Гаухарбек Алтаев немересімен бірге әскери комиссариатқа еріп келіп, демеу болған екен.
Гаухарбек ақсақалдың өзі де кезінде Ресейдегі «Забайкалье» әскери округінің зымыран және артиллерия бөлімінде байланысшы болып борышын өтеген. Сондықтан әскер өмірін жақсы біледі.
Үлкендердің осындай қолдауы жастарға зор жігер сыйлайды. Жас жігіт отбасының қолдауын сезінгенде, әскерге көтеріңкі көңіл күймен аттанары анық.
Көп жағдайда жастардың әскерге деген көзқарасы ата-анасының пікіріне қарай қалыптасады. Егер отбасы мүшелері әскерге алаңдаушылықпен қараса, жас жігіттің де көкейінде күдік пайда болады. Ал отбасынан сенім мен қолдау көрсе, оның өзіне деген сенімділігі арта түседі.