Әлеумет

Погон таққан дәрігер

Ел тыныштығын күзету мен қорғау сарбаздардың ғана міндеті емес. Қауіпсіздігімізді сақтап, қорғаныс әлеуетімізді қамтамасыз етуде әскери дәрігерлердің де үлесі зор.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Тәуелсіз Қазақстан әскери медицинасының тарихы 1992 жылы Қарулы Күштер Бас штабының Әскери-медициналық басқармасы құрылған кезден басталады. Бүгінгі таңда бұл басқарма 8 госпитальдан, 4 лазареттен және медициналық пункттерден тұратын кең жүйеге айналған. Өткен жылдың өзінде емдеу мекемелерінің стационарларында 10 мыңнан аса пациент көмек алыпты.

Погон таққан ақ халаттылар еңбек ететін емдеу мекемелерінің бірі – Гвардейск гарнизонының әскери госпиталі. Аталған медициналық бөлімше гарнизонның негізгі тірегі десек қателеспейміз. Ондағы әскери ақ халаттылар осы стратегиялық аймақта қызмет ететін бірнеше мың әскери қызметшінің денсаулығына жауапты және қажет болған жағдайда жергілікті тұрғындарға  да медициналық көмек көрсетеді.

Кейіпкеріміз, Гвардейск гарнизоны әскери госпиталінің хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина қызметінің капитаны Азамат Әлиакбар бізді аурухана дәлізінде қарсы алды. Онда жоспарлы тексерулер, операцияларға дайындық, кеңес беру секілді күнделікті жұмыс қызу жүріп жатыр.

Азамат әскери медицинаны да кездейсоқ таңдаған жоқ.

Кейіпкеріміз аты аңызға айналған әскери дәрігерлер ұстаханасы – Санкт-Петербургтегі Киров атындағы әскери-медициналық академияда 6 жыл білім алған. Адемияны бітірген соң Талдықорған қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскерлер құрамындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының медициналық взводының командирі болып тағайындалыпты.

Азамат кейін де өзінің кәсіби біліктілігін арттыруды жалғастырып, Әскери-медициналық академияның аспирантурасына оқуға түседі. Бұл кезең оның хирургиялық білімін дамытуға, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік берді. Аспирантураны тәмамдағаннан кейін Гвардейск гарнизонындағы госпитальдің хирургиялық бөлімін басқару міндеті жүктелген.

Бүгінгі таңда қазақстандық әскери дәрігерлер армияның ажырамас бөлігіне айналды. Олар Ирак пен Ливандағы бітімгершілік миссия аясында адамдардың өмірін сақтап қалды. Су тасқыны мен жер сілкінісі ошақтарына бірінші болып жетті, жылжымалы ауруханаларды орналастырып, психологиялық көмек көрсетті. COVID – 19 пандемиясы кезінде олар айлар бойы «қызыл аймақтарда» жұмыс істеп, ең шалғайдағы гарнизондарда жаппай егу жұмыстарын жүргізді. Олардың жұмысы, білімі мен міндетіне адалдығы сенімді қалқан болып қала береді, онсыз Қарулы Күштеріміздің әлеуетін елестету мүмкін емес.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ