Ширек ғасырда шыңдалған қолбасшылық
Осыдан 33 жыл бұрын, яғни 1992 жылғы 7 мамырда сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылғаны белгілі. Содан бергі уақыт ішінде Қарулы Күштеріміздің әлеуеті мен қуаты артып, жан-жақты дамып келеді.
Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлерінің құрамында алғашқылардың бірі болып «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы құрылды. Өңірлік қолбасшылықтың тарихы 2000 жылғы 6 шілдеде Мемлекет басшысының №147 Жарлығына сәйкес қабылданған «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымы туралы» құжатқа орай құрылған Оңтүстік әскери округінен бастау алады.
Алғашқы кезеңде әскери округ Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының аумағында орналасып, еліміздің оңтүстік-шығыс шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін атқарды. Сол кезде округтың штаб-пәтері Тараз қаласында орналасты.
Қайта құрылымдау кезеңдерінен өткен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жауапкершілік аймағына қазіргі сәтте үш облыс – Жамбыл, Қызылорда және Түркістан өңірлері кіреді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының даму жолы жайлы сөз қозғалғанда «Даңқ», «Айбын» ордендерінің иегері, генерал-майор Әлихан Жарболовтың есімі айрықша аталады. Әлихан Бірімжанұлының басшылығымен Оңтүстік әскери округі құрылып, алғашқы қадамдарын жасады. Кейінгі жылдары Оңтүстік әскери округі мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлерін Уәли Еламанов, Бахтияр Сыздықов, Болат Дарбеков, Талғат Қойбақов, Мереке Көшекбаев, Жақсылық Үштаев секілді генералдар басқарды. Бұл қолбасшылар өздерінің кәсібилігі мен бай тәжірибесін қолданып, Қазақстан Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілетін нығайтуға зор үлес қосты.
Бүгінгі таңда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мемлекетіміздің оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарып келеді.
Қолбасшылық мерейтойы ресми түрде басталмас бұрын, атаулы дата аясында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамындағы ең маңызды әскери бөлім – Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың 25 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Бұл әскери бөлімнің тарихы Қазақстанның оңтүстігіндегі қорғаныс жүйесінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Мерейтойлық іс-шараға қазіргі әскери қызметшілермен бірге сала ардагерлері де қатысты.
Мерекелік жиын штаб ғимаратының қабырғасына салынған муралдың ашылуынан басталды. Енді бас ғимараттың қасбетін Кеңес Одағының Батыры, әскери қайраткер, қолбасшы Бауыржан Момышұлының бейнесі айшықтап тұр. 2021 жылы дәл осы тұлғаның есімі 5-механикаландырылған бригадаға берілген болатын.
Мұнан соң бөлім аумағында орналасқан даңқты панфиловшы жауынгердің ескерткішіне әскери қызметшілер гүл шоқтарын қойып, құрмет пен ілтипат білдірді.
Мерекелік бағдарламада ерекше әсер сыйлаған шараның бірі – «уақыт капсуласын» қою рәсімі. Ұғынықты етіп айтсақ, Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың қазіргі әскери қызметшілері келешек сарбаздарға арнап үндеу-хат жазды. Капсуланы 2050 жылы, яғни бригаданың 50 жылдығында ашу жоспарланып отыр.
Ширек ғасырда әлеуетті әскери бөлімді 12 қолбасшы басқарған. Бүгінгі күні бригадаға полковник Жәнібек Құранбеков жетекшілік етеді.
Қалай десек те, Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригада – жауынгерлік дәстүрдің туын биік ұстаған, қай кезде де бұйырылған тапсырманы бұлжытпай орындайтын айбыны асқақ, қуаты мығым әскери бөлім. Мерекелік іс-шараға жиналған жұртшылық та осыны айрықша атап өтті. Құрметті қонақтардың қатарында Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев пен өз заманында бригадаға ғана емес, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына басшылық еткен, бүгінде запастағы генерал-майор Қайдар Қарақұлов болды.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мерейтойына арналған негізгі мерекелік іс-шаралар легі қыркүйек айының басында ресми түрде ашылып, салтанатты думан әскерилерге ғана тән дәстүр – штаттық қарудан оқ ату сайысымен басталды.
Облысымызда орналасқан барлық күштік құрылымдардың өкілдері Тараз гарнизонының ату алаңында бас қосты. Жарысқа гарнизон құрамындағы әскери бөлімдер түгелдей қатысты. Сонымен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық Шекара қызметі департаментінің сарбаздары, облыстық полиция, төтенше жағдайлар департаментерінің қызметкерлері, сондай-ақ Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс батальоны да жарыстан шет қалмай өз шеберлігін сынға салды. Бұдан өзге, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері де арнайы команда жасақтап, бәсекелестік рухын қыздырды.
Сайыстың ашылу салтанатында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ыбыраев сөз алып, іс-шараның мән-маңызын айрықша атап өтті.
Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынға облыстық полиция департаментінің командасы лайық деп танылды. Облыстық шекара қызметі департаментінің командасы екінші орын мінберінен көрінсе, Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс батальоны місе тұтты.
Өңірлік қолбасшылықтың 25 жылдығына арналған іс-шаралар мұнымен шектелген жоқ. Сарбаздар рухын көтерген келесі бәсеке Тараз қаласының орталық алаңында жалғасты. Бұл жолы алаңда әскери бөлімдер мен күштік құрылымдардың өкілдері 10 шақырымға жүгірді. Жарыс сарбаздардың төзімділігін ғана емес, олардың бірлігі мен ұйымшылдығын да аңғартты. Қала тұрғындары мен қонақтары да қатысушыларға қолдау білдірді.
Әскери дәстүрге сай жүгіру жарысы басталар алдында сарбаздар сап түзеді. Осы сәтте «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, полковник Нұржан Өмірзақов жеке құрамға ізгі тілегін жеткізді.
Жарысты өткізуге облыстық полиция департаменті қолдау көрсетті. Таңғы жетіден бастап Тараздың басты көшелерінің бірі – Төле би даңғылы уақытша жабылды.
Әскерилер үшін он шақырымға жүгіру қиындық тудырған жоқ. Олар мұндай жаттығуларды күнделікті жасап, дағдыланған. Алайда бұл жолғы жарыстың мақсаты нәтиже қуу емес, сарбаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ортақ рухты нығайту еді. Әскери оркестр орындаған марш әуені сарбаздардың қадамын ширатып, әр қатысушыға жігер берді.
Жарыс соңында ешкім назардан тыс қалмады. Үздік нәтижеге көрсеткен жауынгерлер медальдармен, алғыс хаттармен марапатталды.
Осылайша, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 25 жылдық мерейтойы әскери дәстүрлер мен спорттық белсенділікті тоғыстырып, жауынгерлердің бірлігі мен ынтымақтастығын көрсетті. Қазан айында Тараз қаласында өтетін басты салтанатты рәсім мерекелік шаралардың мәнін толықтырып, тарихқа елеулі оқиға ретінде еніп қалмақ.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ