Арайлап атқан таңдай болған...
Әр дәуірдің өз үні, әр заманның өз дауысы, әр буынның өз бұлқынысы, әр ұрпақтың өз көзқарасы болады. Ғасырға жуық тарихы бар, тағылымға толы тарихы бар, салиқалы да салмақты сөзі бар, Әулиеата баспасөзінің қарашаңырағы «Ақ жол» газеті мен саяси-ақпараттық салмағы басым «Жамбыл-Тараз» басылымын есепке алмағанда, Жамбыл өңіріне жастар газетінің ауадай керектігі 2000 жылдардың басында айқын сезіле бастады. Иә, бұл қажеттілікті қанағаттандыруда жекелеген талпыныстар да болмай қалған жоқ.
Айтыскер ақын ағаларымыз – Серік Қалиев бастап, Шорабек Айдаров, Әзімбек Жанқұлиев, тағы да басқа қаламгерлер қоштап сол жылдары Жамбылда «Дүние-дастан» деген жастар газетінің де жарыққа шыққаны есімізде. Алайда әлеуметтен әлеуетті қолдау болмаған соң бұл басылымның ғұмыры жарқ етіп жанып, жалп етіп өшкен оттай қысқа болды, жылға жетпеді. Сонда ғой «Дүние-дастан» не болды?» деген сұрағымызға Әзімбек ағамыздың: «Дүние астаң-кестең болды» деп әзілмен жауап беретіні.
Жақсы істің басы-қасында жақсы адамдардың жүретіні бар ғой, кейіннен бұл миссияны баспасөздің өз адамы Болат Бекжанов ағамыз қолға алып, Масат Берік секілді ағаларымыз қолдау беріп «Ар-Ай» деген атпен облыстық жастар газеті жарыққа шықты. Баспасөзде бай тәжірибе жинаған, облыс руханиятында орны бар азамат Болат ағамыз жас журналистерді жанына жиып, «Ар-Ай» газетін ашып ғана қойған жоқ, даңғыл жолға дайындады, кең арнаға салды.
Сол жылдары мен Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аспирантурасында оқушы едім. Болат ағамыз қолқа салып, қолымызға «Ар-Ай» газетінің штаттан тыс тілшісі деген куәлік беріп, газет жұмысына тартты. Тараз топырағынан шыққан – Өмірбек Байгелді, Жандар Кәрібаев, Такир Балықбаев, Сейітқасым Байбеков секілді тұғырлы тұлғалармен салиқалы сұқбат жасап, редакцияға жолдап тұратынмын. Кейіннен кандидаттық жұмысымды қорғауға шығатын болып, соның қарбаласымен «Ар-Ай» газетімен арамды алшақтатып алдым.
Сол «Ар-Ай» жастар газетінің жарыққа шыққанына бүгінде 20 жыл толып отыр екен. 2000 жылдары Әулиеата руханиятына арайлап атқан ақ таңдай әсер қалдырған, небір жас журналистердің ұстаханасына айналған, бүгінде өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан, Жамбыл облысы баспасөзінде өз төрі бар «Ар-Ай» басылымының мерейтойы құтты болсын, ата басылым – «Ақ жолдың» жасын да, жолын да берсін деген тілек айтамын.
Шырынбек ҚОЙЛЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты, ақын