Алаяқтар кәсіпкерлерге «ауыз сала» бастады
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Самат Қойбақов ауылшаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге алаяқтық әрекеттерден сақ болуды ескертті.
Спикердің айтуынша, соңғы уақытта ауылшаруашылығына бөлінетін субсидиялар мен жеңілдікпен берілетін жанар-жағармайды алдау жолымен иеленуге тырысатын алаяқтар көбейіп келеді. Алаяқтар жалған құжаттар жасап, кәсіпкерлердің атынан түрлі төлемдер рәсімдеуге тырысады.
Самат Базарханұлының сөзіне сүйенсек, қазір департамент жанынан құрылған арнайы талдау орталығы қаржы пирамидалары, салықтан жалтару, бюджет қаражатын жымқыру сияқты бағыттар бойынша ақпарат жинап, оларды тек уәкілетті органдармен қайта тексерген соң ғана іс қозғайды. Бұл – адал кәсіпкерлерді қорғаудың басты механизмі.
2024 жылы және 2025 жылдың өткен айларында облыстағы кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу деректері тіркелмеген. Бұл – қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының толық қорғалуын қамтамасыз ету шараларының нәтижесі. Сонымен қатар, тергеу кабинеттері толық бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.
Айжан ӨЗБЕКОВА