Қариялар қадірі қашанда жоғары
Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Жолдарың жүріп өткен бір-бір дастан» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Исмаил Хаджимұратов, Әділбек Әшімов, Болат Қалтаев, Төлеген Сейітқадиров, Қазақстан ардагерлері «Айрықша тәуелді ардагерлер мен мүгедектері» аймақтық қоғамдық бірлестігінің саяси бөлім бастығы Сейітхан Куантаев және Төле би атындағы №8 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушылары қатысты.
Басқосу барысында жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын қазыналы қарттарымыз өнегелі өмір жолдарынан сыр шертіп, тағылымы мол әңгімелерін ортаға салды. Сондай-ақ оқушылар қарттарға арнаған өлеңдерін оқып, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Жиын соңында «Қарттарым асыл қазынам» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
«AR-AI»-ақпарат