Жамбыл жаңалықтары

Ардагерлер ардақталды

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ардагерлермен кездесті.

Өңірде қарттар мен зейнеткерлерді қолдау, оларға рухани және әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта 2023 жылы «Белсенді ұзақ өмір орталығы» ашылып, бүгінге дейін 1 500-ге жуық қарт кісіге 25 түрлі қызмет көрсетілді.

Қажеттілікке байланысты жыл соңына дейін тағы бір орталықтың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Бұл бастама аға буынның өмір сапасын арттыруға және белсенді ұзақ өмір сүруіне жол ашады.

Ербол Қарашөкеев жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруде ардагерлердің қолдауы ерекше маңызды екенін атап өтті.

Соңғы уақытта бәрімізді алаңдатып отырған мәселенің бірі – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбеюі. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлар да азаймай тұр. Мұндай мәселелерге бейжай қарамай, қоғам болып алдын алу шараларын күшейтуіміз қажет. Бұл істе үлкендеріміздің ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі аса маңызды, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты іс-шара барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер ерекше құрметке ие болды.

Еңбек ардагері Рахматілдә Рахманбердиев пен Тараз қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Күләш Әбдікешова «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, тағы 7 азаматқа облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі табысталды.

Жылы әңгімеге толы еркін форматтағы кездесуде ардагерлер кеңесінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, көпшіліктің көңілін көтерді.

Кездесу соңында мемлекеттік қызмет ардагері Оңласын Есіркепов ақ жүректен шыққан батасын беріп, ел мен жердің амандығын тіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі