Жамбыл жаңалықтары

Биыл 90 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған тапсырмаларына сәйкес облыс әкімі Ербол Қарашөкеев игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оларды қайта бөлу мәселесі бойынша кеңес өткізді.

Жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтеповтің айтуынша, өңірде 389,8 мың гектар жердің игерілмегені анықталған. Оның ішінде 42,3 мың гектар жер игеріле бастаса, 30,9 мың гектар жердің иелері қайтыс болғаны анықталған, 128,7 мың гектар – Жер ресурстарын басқару департаментінің өндірісінде, қалған 131,2 мың гектар жердің меншік иелері ауысқан.

Биыл пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген 90 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 51,7 мың гектар жер қайтарылды.

Бұл көрсеткіш бойынша Жуалы (жоспар – 5 000 гектар, қайтарылғаны – 660,8 гектар) және Т.Рысқұлов (жоспар – 12 000 гектар, қайтарылғаны – 10 гектар) аудандары төмен нәтиже көрсетіп отыр.

Сонымен қатар 13,4 мың гектар жер конкурс арқылы ауылшаруашылығы айналымына қайта енгізілді.

Ауылдық елді мекендердің ортақ пайдаланудағы жайылымдарын кеңейту мақсатында бос жатқан 403,5 мың гектар жайылым жер таңдалып, оның ішінде 165,9 мың гектар аудандық мәслихаттармен бекітілді, 237,6 мың гектар жайылым алқабына жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде.

«Жайылымдар туралы» Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың 7 ауданында жайылымдарды пайдалану жоспары 5 жыл мерзімге бекітілді. Ал Байзақ, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ербол Қарашөкеев аудан әкімдерінен жыл соңына дейін жоспарды 100 пайыз орындауды талап етіп, бірқатар міндет жүктеді.

Атап айтқанда, 2025 жылға жоспарланған жерлерді қайтару мақсатында аудандар арасында іс-шаралар жоспарын екі апта ішінде әзірлеуді, жайылым жерлерді ауылдарға қосу жоспарына жауапты тұлғаларды белгілеуді және ай сайын зерделеу жұмыстарын атқаруды, облыс аумағындағы жерлердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес берілуін қадағалауды, меншік иелері ауысқан жерлерді дер кезінде қайта тіркеп, толықтыру жұмыстарын жүргізуді, жер конкурстарын заң талаптарына сәйкес өткізуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі