Таразда екі адам рақымшылыққа ілінсе, бір азаматтың жазасы жеңілдетілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтты.
Президент басқосу барысында рақымшылық жасау арқылы мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмай, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем беретінін меңзеді. Ал осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды.
Айта кетейік, 23 маусымда қоғамда «гуманизм мен мейірімділік актісі» аталып кеткен «Рақымшылық жасау туралы» заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Осылайша, еліміз азаттық алғаннан бері. оныншы рет рақымшылық жасалып отыр. Бұл жолғы мерзімінен бұрын түзеу мекемесінен босату Конституцияның 30 жылдығына орайластырылған.
Бірер күн бұрын Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінен рақымшылыққа ілінген қос азамат еркіндікке жолдама алды. 24 және 34 жастағы жазасын өтеушілердің бірі Алматы қаласының тұрғыны болса, екіншісі жергілікті тұрғын. Олар сот үкімі негізінде 4 және 5 жылға бас бостандығынан айырылған.
Бұдан бөлек дәл осы күні аталған мекемеден Қылмыстық Кодекстің 73 бабына сәйкес, жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылуына байланысты жамбылдық ер адам бостандыққа шықты. Сотты болған азаматтарды мекеме қақпасынан шығарып салу барысында ҚАЖ қызметкерлері олардың еркін өмірдегі құқықтары мен міндеттерін мұқият түсіндіріп, қайта қылмысқа бармауларын қатаң ескертті.