Жамбыл жаңалықтары

ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қазақстан халқы тілдері күні – барша қазақстандық этнос өкілдеріне ортақ мереке. Бұл күн достықтың, бауырластық пен бірліктің мерекесі. Осы атаулы күнде облысымызда мемлекеттік тілдің дамуына әр салада үлес қосып жүргендер облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығымен марапатталды. Мемлекеттік тіліміздің айбынын асқақтатып, мәртебесін жоғарылату мақсатында ұйымдастырылатын аталмыш жүлде биыл төртінші рет өз иелеріне табыс етілді. Солардың қатарында газетімізде «AR-AI» назарға алды» айдарымен тұрақты түрде қоғамдық орындарда «Тіл туралы» Заң талаптарының сақталмаған кемшіліктерін сынға алып, сыннан шыққан қорытындыны «Нәтиже» айдарымен жариялап келген тілшіміз Қамар Қарасаева да «Тіл сақшысы» номинациясымен марапатталды. 

Жүлде тапсыру салтанатында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев: – Биыл тілдер мерекесі қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым, ағартушы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Облыста ұлт ұстазын ұлықтауға бағытталған түрлі форматтағы іс-шаралар жоғары оқу орындарында, мектептерде, басқа да мекемелер мен ұйымдарда жыл басынан бері өткізілуде. Қазақ тілінде қазақтың байтақ даласы, ата-бабаларымыздың үні, рухы, сабырлы мінезі бәрі көрініп тұр. Сонау көнедегі сақтар мен ғұндар дәуірінен тамыр тартып, кешегі Абай, Әлихан, Мағжан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мұхтар, Қаныш, Қасым, Мұқағали замандарында сақталған ана тіліміз бүгінде еліміздің мемлекеттік тілі. Қазақ тілі балабақша, мектептерден бастап, қоғамның барлық салаларының басты қатынас тіліне айналды десек, артық болмас. Бүгінде облыста 80-нен астам этнос өкілдері өмір сүреді. Және олардың әрқайсысының ана тілі мен дәстүрі бар. Мемлекет Қазақстан халқы тілдерін оқытуға және дамытуға жағдай жасауда. Облысымыздағы мемлекеттік органдардың қазақ тілін қолдану деңгейі шығыс құжаттарда 99,5 пайызды құрап отыр. Осының барлығы ана тіліміздің нағыз тіл жанашырларының арқасында мүмкін болғанын айта кеткен жөн. Аймақта мемлекеттік тілді меңгеруге барлық жағдай жасалған. Тіл орталықтары жұмыс істейді. Этнос өкілдері көп шоғырланған Қордай ауданында тілдерді оқыту орталығы ашылды. Мемлекеттік тілді оқу курстарының саны артты. Биыл мемлекеттік тілді оқытудың жол картасы әзірленіп, 4000 адам қамтылмақ. 2022 жылдың қаңтар-тамыз аралығында үш тіл бойынша 3 163 адам тегін курстан өтсе, оның ішінде қазақ тілін 2 367 тыңдаушы үйренуде, оның 89 пайызы өзге этнос өкілдері. Мемлекеттік тілмен қатар, барлық этнос тілдері мен мәдениеттерінің дамуына тең мүмкіндік берілген. Үйлесімді жүргізіліп отырған тіл саясаты қоғамдағы бірлік пен татулықтың тірегі болуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», деп атап өтті. Тілдерді үйрену ешқашан кеш емес. Ең бастысы ниет болу керек. Кез келген тілді білу шекараны жойып, жаңа есіктерді ашады, шексіз мүмкіндіктер береді. Күнделікті өмірде байқап отырғанымыздай, облыс тұрғындарының 85-90 пайызы қазақ тілін біледі, түсінеді, сөйлейді. Қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, мемлекеттік тілді қастерлеп, мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуына атсалысып жүрген өзге этнос өкілдері баршылық, – деп мерекелік лебізін білдірді. Облыста тіл саясатын насихаттау бағытында ұзақ жылдар жемісті еңбек сіңіріп келе жатқан «Анаға тағзым» орталығының директоры, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Эльмира Мырза-Ғали «Тіл майталманы» номинациясымен марапатталды. Жаңа қазақ тілі әліпбиін тез меңгеруге, емле ережелерін түсіндіріп, үйретуге өз тарапынан белсенділік танытып жүрген М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Ғалия Абдыханова «Тіл тірегі» аталымындағы, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, «Мерей» өнер студиясының әнші-актері Сергей Семыкин «Тіл мерейі» номинациясындағы жүлдеге ие болды. Сондай-ақ тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізуге өте ыңғайлы мемлекеттік тілді, латын негізді жаңа әліпбиді үйретудің авторлық бағдарламасын әзірлеген тілдерді оқыту орталығының аға әдіскері Перизат Махановаға «Тіл – қазына» номинациясы, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің №1 мектеп-лицейінің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, қазақ сыныбына сабақ беретін Тимур Семеновке «Тіл шебері» аталымымен арнайы жүлде табыс етілді. – «Анаға тағзым» орталығы жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берумен қатар, қыз-келіншектерді шешендік өнерге, тігін, аспаздық секілді ісмерлікке және би, вокал, сурет салу секілді өнер түрлеріне үйрететіні бәріне белгілі. Біз осы үйірмелерде орыс тілді қара көздерімізге жұмыс барысында әр заттың атауын қазақша айтқызып та тіл үйретуді қолға алдық. Шетелдердегі қандастарымыздың балаларын демалысында еліміздегі қазақы отбасыларға уақытша тұрғызып, ана тілін меңгеруін ұйымдастырсақ деген ұсынысым бар. Ортақ мүдде үшін жұмылатын отбасылар табылады деп ойлаймын. Өзім де отбасыма бір баланы алуға дайынмын. Балалар демалысқа шыққан сәтті пайдаланып, осындай бір істі қолға алсақ деймін. Бұл шетелдегі ата-аналардың да тілегі, – деген Эльмира Инаятқызы ана тілдің өрісін кеңейтудегі ұсынысын жеткізді. Ал, көпшілікке әншілігімен танымал Сергей Семыкин: – Қазақтың дархан даласын мекендеп, осы халықтың мейірімін көріп жүрген әрбір Қазақстанның тұрғыны мемлекеттік тілді білуге және оның мәртебесін көтеруге, өзге этнос өкілдеріне үйретуге міндетті деп есептеймін. Тұрсынхан Әбдірахманованың: 

, деп аяқталатын «Ана тілім» атты өлеңі бар. Сол айтқандай, әркімнің ана тілі өз анасы іспетті. Ал, мемлекеттік тіл – сол мемлекеттегі барлық тұрғынның достық, бауырмалдық тілі. Мен қазақ тілін 9-сыныптан бастап үйрендім. Бастапқыда қиын болар деп ойлағанмын, бірақ олай емес екен. Достарым да, араласатын адамдарым да қазақ тілді болды, солардың көмегімен тез-ақ үйреніп алдым. Және қазір тіл үйренемін деген адамға қолдау өте көп, – деді. Айта кетейік, облысымызда соңғы 5 жылда мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар саны 74,5 пайыздан 77 пайызға артқан. Оның ішінде мемлекеттік тілде білім алатын өзге ұлт өкілдерінің саны 5 488-ден 7 092-ге өскен.

«AR-AI»-ақпарат