Жаңалықтар

Қазақстанда дәрігерлер мен мейіргерлердің біліктілігін арттыруға басымдық берілді

2027 жылға дейін 6500-ден астам МСАК мамандары біліктілігін арттырады, деп хабарлайды arainfo.kz

Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылды медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) мамандарының біліктілігін арттыру жылы деп жариялады.

Бастаманың мақсаты – дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін заманауи бағдарламалар арқылы жаппай оқытып, практикалық даярлықты күшейту.

Жыл басынан бері еліміз бойынша жүздеген жалпы практика дәрігері мен мейіргер арнайы тренингтен өтті. Әсіресе Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында мамандар көптеп даярланды.

Үш жылдық бағдарлама аясында 2027 жылға дейін 6 788 медицина қызметкері оқытылады. Оның ішінде 2 135-і – жалпы практика дәрігері, 3 051-і – орта медицина қызметкері. Сондай-ақ 828 медициналық колледж оқытушысы мен 774 медициналық ЖОО оқытушысының біліктілігі артады.

Министрлік бұл бастама бастапқы медициналық көмекті нығайтып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, аурулардың алдын алу мен емдеудің жаңа тәсілдерін енгізуге жол ашатынын мәлімдеді.