Президент алдағы Ұстаздар күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы мұғалімдердің кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтетінін жеткізіп, ұстаздар қауымына зор құрмет көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды arainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап
Міржақып Дулатұлы: «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Расында, ұстаз – әр азамат үшін қадірлі тұлға, балаға өмір жолын көрсететін бағыт беруші. Тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі болғандықтан, қоғамның өркениеттілігі ұстазға деген құрметпен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің болашағы да жарқын. Сондықтан мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша ұстаздарға алғыс айтамын, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт қалыптастыру үшін ең алдымен білім мен ғылымды дамытуға ерекше мән беруіміз қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, биыл мұғалімдерді даярлау үшін 13 мыңнан астам грант бөлінгенін, бұл – барлық гранттың бестен біріне жуығы екенін айтты. Жастардың педагог мамандығына деген қызығушылығы артып келе жатқаны да қуантарлық жайт.
Мемлекет басшысы дарынды оқушылардың жетістігіне де тоқталды. Былтырдан бері мыңнан астам оқушы халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңіске жетті. Бұл – ұстаздар еңбегінің жемісі екенін атап өтті.

Қ.Тоқаев білім беру ісіндегі цифрландырудың маңызына тоқталды.
Сөз соңында Мемлекет басшысы еліміздің дамуында «Заң және тәртіп» қағидаты айрықша орын алатынын атап өтіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру ісінде педагогтердің рөлі зор екенін жеткізді.