Қоғам

Табиғаттағы тепе-теңдік сақталуы тиіс

Заңсыз аң аулау және орман қорын, табиғи ресурстарды рұқсатсыз пайдалану тек жануарлар дүниесіне ғана емес, бүкіл экожүйеге үлкен зиян келтіреді. Жануарлар мен сирек кездесетін өсімдіктердің заңсыз қолды болуы экология жүйесіндегі тепе-теңдікті бұзады.

Бүгінде облысымызда Қызыл кітапқа енген, жоғалып кету қаупі төніп тұрған жануарларды қорғау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылдың сәуір айында Шу-Іле және Қырғыз Алатауының шатқалдары мен таулы аймақтарында тау арқарына «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі және Зоология институтының ғылыми қызметкерлерімен санақ жұмыстары жүргізіліпті. Қазіргі таңда институт қызметкерлері камералдық экстрополяция жұмыстарын атқаруда.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұловтың айтуынша, браконьерлерге қолданылатын жаза қылмыстық және әкімшілік болып екіге бөлінеді.

Сонымен қатар «Сапсан» мамандандырылған тобы да бекітілген аумақтарды күзетіп, әр ауданда жергілікті полиция қызметкерлерімен, табиғатты қорғау органдарының инспекторларымен бірлесе отырып браконьерлерді іздестіру мақсатында рейдтерге шығады. Ал орман шаруашылығы мекемелері өздеріне бекітілген жерлерде заңсыз балық аулау мен ағаш кесілмеуін қадағалайды. Маманның айтуынша, жүргізілген санақ бойынша жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлардың саны облысымызда жыл санап өсіп еледі. Мәселен өңіріміздегі қарақұйрықтың саны 2023 жылы 970 болса, 2024 жылы 980-ге жетіпті. Ал арқар саны 2023 жылы 684 болса, 2024 жылы 704-ке артқан.

Орман инспекторлары браконьерліктің алдын алу барысында бірінші кезекте жергілікті тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға мән беруде. Тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыруда. Осы орайда инспекцияның жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бекжан Жұмағұловпен аз-кем тілдестік.

Адамзат тарихына көз жүгіртсек, табиғат әрдайым тіршіліктің қайнар көзі болып келген. Жануарлар дүниесі – соның ажырамас бөлігі. Бірақ адам баласының тойымсыздығы кейде сол табиғаттың байлығын қырып-жоюға әкелді.

Сымбат ҚУАНЫШ