Қоғам

Қалдықтарды сұрыптау мәдениеті мектептен қалыптасады

«Таза Қазақстан» ұлттық акциясы аясында және Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған бірыңғай экологиялық ағартудың стандартын енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Астана қаласының мемлекеттік мектептерінде экологиялық ағартушылық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, қағаз, пластик және шыныны бөлек жинауға арналған экобокстар орнатылып жатыр.

Жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамы тарапынан Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Экобокстар – мектеп оқушыларына қалдықтарды сұрыптап, оларды қайта өңдеуге бағыттауға мүмкіндік беретін практикалық құрал.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама табиғатты сақтауға ғана емес, сонымен бірге өскелең ұрпақтың экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Бастама аясында экологиялық сауаттылықты арттыру және қоршаған ортаны қорғауға саналы көзқарас қалыптастыру мақсатында экологиялық сабақтар мен танымдық іс-шаралар өткізіледі.

«Таза Қазақстан» акциясы елімізде экологиялық білім беруді ілгерілетудегі маңызды қадамға айналды. Ұйымдастырушылардың сенімінше, мектеп оқушыларының бұл жобаға қатысуы өмір бойына берік экологиялық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді әрі елдің таза да салауатты болашағын құруға үлес қосады. Алдағы уақытта аталған бастама барлық мемлекеттік мектептерге таратылмақ.

Осы ретте айта кетейік, 27 қыркүйек күні Қазақстан өңірлерінде жағалау аймақтары мен су айдындарының тазалығын сақтауға бағытталған «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті.

Сенбілікке 220 мың азамат, оның ішінде үкімет өкілдері, студенттер мен еріктілер қатысты.

Акция барысында өзен және су қоймаларының жағалаулары тазартылды. Қатысушылар 4,2 мың тонна қалдық жинап, шығарды.

Сенбілікпен қатар көгалдандыру жұмыстары да жүргізілді. Экожүйені сақтауға негіз болатын 2,3 мың ағаштар мен бұталар отырғызылды.

Сымбат ҚУАНЫШ