Стратегиялық маңызға ие жоба жемісті жүзеге асуда
Елімізде жылдан-жылға электр энергиясына сұраныс артып келеді. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдардағы Жолдауларында, түрлі жиындарда сөйлеген сөздерінде бүгінде дүние жүзінің көптеген елін алаңдатып отырған энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне айрықша назар аударып жүр.
Мәселен ел Президенті Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында цифрландыру ісін табысты жүргізу және жасанды интеллектіні жаппай енгізу еліміздің энергетикалық әлеуетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Әлемнің цифрландыру ісіне және жасанды интеллектіге негізделген жаңа технологиялық қалыпқа көшуі энергияны көп қажет ететін үдеріс екенін түсіну керек.
Мұндай жағдайда аймақтағы және дүние жүзіндегі энергия тапшылығы үздіксіз арта береді.
Сондықтан Қазақстан өзін электр қуатымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оны әлемдік энергетика нарығына да экспорттайтын ірі елге айналуы керек. Бұл – уақыт талабы.
Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы стратегиялық міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді.
Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ.
Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар» – деп, отын-энергетика кешенін дамытуға қатысты маңызды міндеттерді белгілеп берді.
Ал Мемлекет басшысы биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін әртараптандыру емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы» – деп,Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
Бүгінде Президент тапсырмаларына сәйкес еліміздің электр энергетика саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте электр энергетикасы саласындағы жетекші компания саналатын «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC» (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) акционерлік қоғамына артылатын жауапкершілік жүгі ерекше салмақты. Тиісінше Қазақстан Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің операторы ретінде компания да сенім үдесінен шыға біліп, энергия жүйесінің сенімділігін, қолжетімділігі мен озық дамуын қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқаруда.
Компанияның энергетикалық инфрақұрылымның әлеуетін күшейтіп, елді сенімді энергиямен қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырып жатқан ауқымды инвестициялық жобалары саланың дамуына тың серпін беруде. Компанияның маңызды жобаларының бірі – «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы.
Стратегиялық маңызға ие жоба оңтүстік облыстарды электрмен жабдықтауды күшейтуге, энергетикалық қауіпсіздікті, Орталық Азияның энергожүйелерінен тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, Солтүстік – Оңтүстік 500-220 кВ транзит учаскесінің өткізу қабілетін қосымша 500 МВт-қа арттыруға септеседі.
Жуырда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері 500 кВ «Шу» қосалқы стансасында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасының іске асырылу барысымен танысып қатты.
БАҚ өкілдерін «КЕGОС» акционерлік қоғамы «Алматы жүйеаралық электр тораптары» филиалының директоры Арман Шайханов, аталған филиал директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Ерік Серікбайұлы, Азия Даму Банкінің Қазақстандағы Тұрақты өкілдігінің директоры Кумар Утсав, «Шу» аумақтық электр тораптарының бас инженері Шыңғысхан Жұмабеков қарсы алды.
Арман Жаңабайұлы алдымен «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы аясында атқарылған жұмыстармен, алдағы жоспарлармен таныстырды.
Жобаның жалпы құны 154 миллиард теңгені құрайды. Қаржыландыру «KEGOC» акционерлік қоғамының меншікті қаражаты (72,4 миллиард теңге немесе 46,9 пайыз), халықаралық қаржы ұйымдары – Азия Даму Банкі (58,2 миллиард теңге немесе 37,8 пайыз) немесе Қазақстан Даму Банкі (23,5 миллиард теңге немесе 15,3 пайыз) есебінен жүзеге асырылуда.
«КЕGОС» акционерлік қоғамы «Алматы жүйеаралық электр тораптары» филиалы директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Ерік Серікбайұлы жоба аясында ұзындығы 475 шақырым «Шу – Жамбыл – Шымкент» жаңа электр жеткізу желісі салынып, Шу, Жамбыл және Шымкент қосалқы стансалары кеңейтілетінін айтады.
Айрықша атап өтерлігі, жобаны жүзеге асыру барысында шетелдік емес, отандық өндірушілерді қолдауға ерекше мән берілуде.Барлық жобалық және құрылыс-монтаждау жұмыстары тек қазақстандық компаниялардың күшімен жүзеге асырылуда.
Ал жобаға қаржылай қолдау көрсеткен Азия Даму Банкінің Қазақстандағы Тұрақты өкілдігінің директоры Кумар Утсав жобаның нәтижелі әрі жемісті болатынына сенім білдірді.
Қорыта айтқанда көзбен көргенімізбей жоба аясындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жұмыс барысына кедергі келтіріп тұрған ешқандай мәселе жоқ. Яғни «КЕGOG» жүзеге асырып жатқан жарқын жобаның жемісін көретін күн жақын.
Сымбат ҚУАНЫШ