Алғашқы әрі сәтті баспалдағым
2007 жылы «Ар-Ай» газетіне жұмысқа тұрдым. Сол тұста жаңадан ашылған жастар газеті әлі оқуын бітірмеген соңғы курстың студентін жылы қарсы алды. «Ар-Ай» жиырмадан жаңа асқан жастардың басын қосқан жалынды басылым ғана болған жоқ, «Ар-Ай» кез-келген жаңалыққа, мәселеге жастардың көзқарасымен қарады. Тіл байлығы жеткілікті болғанымен, тәжірибесі аз, эмоциясы басым жастардың қаламынан туған дүниелер сақал-мұрты күзеліп, оқырманға жол тауып отырды. Бас редакторымыз Болат аға талай шикі дүниелердің шимай-шатпағын шығарып, «күпісін сыпырып, шекпен жауып» нөмірге беретін. Идея пішен, көтере алмайтын шоқпарды белге байлайтын уайымсыз, алаңсыз күндер екен ғой.
Газет редакторы Болат Бекжанов білікті басшы ғана емес, құдды әкеміздей еді. Әр әңгімесіне юмор қосып сөйлейтін, сөзді тауып айтатын, әңгімесі мен әзілі жарасқан әзілқой, көреген адам болатын. Редактор ретінде де, ұстаз рөлінде де ол кісіден үйренеріміз көп болды. Ол кісі шығармашылықта бағыт-бағдар беріп қойған жоқ, сол тұстағы жастардың журналист, тұлға ретінде қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Тапсырған жұмысын тыңғылықты етіп тындырсаң, «Салтанка» деп еркелете сөйлеуші еді. Содан соң, ал кеп мақтауыңды асырады. Ал, алда-жалда босаңсып кетіп бара жатсақ, бір ауыз сөзінің өзі жеткілікті болатын.
Газет шыққандағы әр «планерка» сын сағаты еді ғой. «Ар-Ай»-да сол тұста «Сырсарай» деген айдар болатын. Әнші, күйші, биші дейсіз бе, жергіліктісі, гастрольмен келгені бар, өнер адамдарынан сұхбат аламыз. Ыңғайына қарай тілшілер алма-кезек барамыз сұхбатқа. Бір уақыттарда айдарды жүргізу ісі толығымен маған тиді. Кезекті нөмір шыққан соң, әдеттегідей «планеркада» отырмыз. Болат ағай әр бетті парақтап, әр тілшіге көзілдірігінің астымен қарап, жаңа нөмірге шолу жасап отырған. Соңғы түрлі-түсті бетке де кезек жетті. «Не дер екен?. Қап, «жақсы» десе дұрыс болды-ау» деген оймен тықыршып отырмын. Кенет үстел жұдырықтың соққысынан тарс ете түсті.
- Салтанат, сұхбатқа барған сен ғой?
- Иәәә....(басым салбырап, бірнәрсені бүлдіргенімді сездім).
- Мынау сұрағың не?
- Қай сұрақты айтасыз?
- «Өнер сізге ананың сүтімен, әкенің қанымен келді ме?». Әй қайдан дарығанын қайтейін деп ең, ал көршімнен дарыды» десе ше, бірнәрсе өзгере ме?- дейді қабағы қатуланған күйі.
Отырғандар беттерін реадктордан көлегейлеген күйі қыран-топан күлкіге батты.
Сөйтсем, бір бұл емес, үнемі сұхбатты осы сұрақпен бастайды екенмін.
Сол тұста бас редактордың орынбасары қызметін атқарған Гүлнұр Ембердиева, жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева бізбен қатарлас болатын. Мақаланы дер кезінде тапсырмасақ, іштей ұялып, қаймығып жүруші едік. Жоғарыда айтып өткен «Сырсарайдан» бұрын проблемалық мақалалардың жүгі әдетте маған жүктелетін. Сосын әлгі мақала жазылып бітіп, нөмірге берілгенше жауапты хатшының бар «проблемасы» сен боласың. Басқа тілшілер де тап солай, Шолпанды көрсе, «әне-міне», «қазір, болып қалды», «дайын» деп, тыпыршып, ақтала жөнелетін. Ауыздағы сөзіңе илана салып, кете қоятын Шолпан ба, түбіңе келіп «көрсет»-тің астына алады. Алайда, жұмыс бабымен болатын бұл талапшылдықтың артында жауапты хатшының жаймашуақ мінезі тұратынын тілшілер ғана емес, редакция түгел білетін.
Жұмыс жасап кеткен әрбір ортадан адам тәжірибе жинап қана қоймайды, өзімен бірге естеліктер де санасының бір түкпірінде сақталып қалады. Арада жылдар өтсе де, сол кездегі әдемі сәттер мен алтынға бергісіз күндердің құндылығы артпаса кемімейді. Болмысы таза, ниеті түзу жандармен «бір терінің пұшпағын илеу» әрбір адамға бұйыра бермес бақ. Редакторымыз марқұм Болат ағайдың шәкірттері, әріптестерім Гүлнұр, Шолпан, Есет, Хамит, Өркен, Дәулет, Табиғат, Нұрболат, Данияр, тағы да басқа азаматтар әрқайсысы іргетасы жаңадан қаланып жатқан жастар газетінің қалыптасуына өзіндік қолтаңбаларын қалдырып қана қойған жоқ, тұлға ретінде қоғамнан өз орындарын тапты. Иә, «Ар-Ай» менің үлкен өмірге қадам басудағы алғашқы, әрі сәтті баспалдағым болды десем болады.
Салтанат Әлімқұлова,
журналист