Қоғам

«Дұға сатып аламын десеңіз – 1000 теңге»

Қоғамда дінге бет бұрған жандар көбейген сайын, олардың діни сауатының таяздығын пайдаланып, табыс тапқысы келетіндердің қатары да артып келеді. Әсіресе әлеуметтік желіде белсенді кейбір блогерлер Алланың сөзін, дұғаны, тіпті «қасиетті амалдарды» саудалап, ақылы топ ашып, шектеулі уақытқа ғана қолжетімді етуді әдетке айналдырды. Бұған қарап кейде «дін бизнестің жаңа формасына айналды ма?» деген ой келеді. Осы орайда көпшіліктің наразылығын тудырған жағдайдың бірі – жақында ғана ел аузында қызу талқыланған бір блогердің «ешкім білмейтін қасиетті дұғаны 1000 теңгеге сату» туралы оқиғасы болды.

Танымал блогер Аякөз Асқарова әлеуметтік желідегі парақшасында қасиетті мекен Меккеде жүргенін, осы бір ерекше дұғаның арқасында күрделі мәселесінің шешімін бір күнде тапқанын жариялаған. Ол дұғаны әлеуметтік желідегі парақшасында жарнамалап, адамдардан ақша алып, арнайы топқа қосып, сол жерде дұғаны қалай оқу керектігін түсіндіріп жатқанын айтты. Блогердің сөзіне сенсек, бұл дұға оңай табылған нәрсе емес. Оны кездейсоқ көріп қалып, кейін жете танысып, Қағбаны бір күн бойы айнала жүріп тоқтамай айтқан.

«Сол күні мені күйдірген мәселем шешілді. Бұл – Алланың қалауы. Ал мен – тек себепкермін. Сол себепті, осы дұғаны оқып, мен де қиындықтан құтылғым келеді дегендер үшін дұғаны 24 сағатқа қолжетімді етіп қойдым. Топқа тіркелу – ақылы. Бағасы – 1000 теңге», – деп жазған блогер желідегі парақшасында.

Оның бұл әрекеті әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырды. Бірі «есік ашық тұрғанда, кілт сатудың қажеті қанша» десе, енді бірі блогердің әрекетін ашық дінді саудалау деп бағалады. Алайда блогерге мұндай сындар тосқауыл бола алған жоқ. Керісінше өзін ақтап, бұл әрекетін дінге қарсы келмейтінін айтып ақталды. Ол тіпті кейбір қолданушылардың «Құран – тегін, оны сатуға хақың жоқ» деген пікірлеріне де ашық жауап қайтарды:

«Құранды қолға алып, өзіңіз оқып алыңыз. Бірақ көп адам ерінеді. Ал біреу дайын етіп берейін десе, 1000 теңгесін қимайды. Дұғаны жай ғана оқып қоймайсың. Оның да өзіндік тәсілдері бар. Қалай айтады, қай кезде айтады – соның бәрін егжей-тегжейлі түсіндіремін. Мен дұғаның өзін ғана емес, соны қалай дұрыс қолдану керектігін үйретіп отырмын», – дейді ол.

Алайда дін мамандары мұндай әрекетті мүлдем құптамайды. Бұл туралы облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Нұрлан Мұратұлы пікір білдірді. Оның айтуынша, дұға – бұл кез келген мұсылман пенденің Алламен тікелей байланыс орнатуы. Ол тек шынайы ықыласпен, жүректен шыққанда ғана қабыл болады. Имам дұға үшін ақы сұрау – шариғат талаптарына сай еместігін әрі бұл әрекетпен адам өзін Алла мен пенде арасындағы дәнекер етіп көрсеткендей болатынын жеткізді.

Имамның айтуынша, дұға тек араб тілінде оқылуы керек деген талап жоқ. Ең бастысы – адамның шын мұқтаждығы мен адал ниеті.

Имам дұғаның қабыл болуына қатысты ислам ғалымдарының үш түрлі тұжырымын да түсіндіріп өтті. Біріншісі – дұға сол сәтте қабыл болады. Яғни адамның шын ниетімен айтқан дұғасы Алланың қалауы бойынша лезде орындалады. Екіншісі – дұға арқылы адамның басына келуі мүмкін бір қатердің, жамандықтың беті қайтады. Үшіншісі – дұғаның жауабы бұл дүниеде берілмей, қиямет күніне сақталады. Бұл кезде пенденің амал дәптерінде тау-тау сауап болып жазылады. Тіпті кейбір тақуа адамдар дәл осы соңғы нұсқаны – дұғасының ақыретке қалдырылғанын қалап тілейді екен.

Алланың атымен, Пайғамбардың хадистерімен, Құран аяттарымен сауда жасау – діннің түпкі мәніне жасалған қиянат. Әлеуметтік желіде діни сауаты жоқ адамдардың аңғалдығын пайдалану, «қасиетті дұға» деп өздігінен топ құрып, ақша жинау – дінге бет бұрған қоғам үшін үлкен қауіп. Өкініштісі, мұндай әрекетке баратындар көбіне өзін діннен хабары бар, ерекше білімі бар жан ретінде көрсетіп, сенімге кіреді. Ал шын мәнінде дін жолында жүру үшін тек ықылас пен ниет қана емес, терең білім, ұстаным, жауапкершілік керек. Уағыз айту – кез келген адамның емес, арнайы діни білім алған, шариғатты толық меңгерген, әділет пен адалдықты ту еткен адамдардың ісі.

Ал мұндай жағдайда дінге шын ықыласпен бет бұрған қарапайым халық кімге сенеді? Кімнен дұға сұрайды, кімге жолығады? Бұл – қоғам болып ойланатын мәселе. Бір анығы – дұға сатылмайды. Ол ақшаға өлшенбейді. Дұға – жүректің тілі. Оны Алла естиді. Ал Алланың алдында ақша емес, ықылас өтімді.

Айжан ӨЗБЕКОВА