«Президент тапсырмалары нақты нәтижеге бастайды»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізді дамытудың басым бағыттары айқындалғаны белгілі. Осы орайда «Жолдау жүктеген міндеттер нені көздейді, ауданның бүгінгі жетістіктері мен алдағы жоспарлар қандай?» деген сұрақтар аясында Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлымен сұхбаттасқан едік.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі Жолдауында ел экономикасын көтеру, оның ішінде агросаланы дамыту бойынша нақты қандай тапсырмалар жүктеді? Алдағы уақытта асыраушы салада қандай жаңашылдықтар көрініс табады деп есептейсіз?
– Президенттің әрбір тапсырмасы нақты нәтижеге бастайды. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында цифрландыру ісіне баса назар аударылды. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметтер мен барлық сала жаппай электронды жүйеге көшетіні белгілі болды. Кез келген салаға мүмкіндігінше жасанды интеллект енгізіледі. Анығын айтқанда, балалардың оқу үлгерімінен бастап, әр азаматтың денсаулығы, құжаты, яғни адамның өмірге келген сәтінен бастап өмірден өткенге дейінгі аралықта көрсетілетін кез келген қызмет түрі орталықтандырылған жүйе арқылы іске асырылады.
Цифрлық жүйе халық үшін өте ыңғайлы. Өйткені жұртшылық қандайда бір мәселемен әр есікті бір қағып, әуре-сарсаңға түсу машақатынан құтылады. Әрі қоғамда жемқорлыққа жол берілмейтін әділ жүйе қалыптасады.
Еліміздің энергетика саласында да үлкен өзгерістер күтілуде. Президент елімізді энергия тапшылығынан құтқару үшін жаңа қуат көздерін пайдалануды тапсырды. Енді желден, күннен алынатын «жасыл» энергия үлесі артады. Соның арқасында болашақта еліміздің өндірісін, тұрмысын толықтай өзімізде өндірілген энергиямен қамтамасыз етуге жол ашылады.
Өңдеу өнеркәсібін дамытуға, инвестиция тартуға да ерекше көңіл бөлінуде. Біз шикізат сатумен шектелмей, дайын өнім шығаратын елге айналуымыз қажет. Сол үшін арнайы экономикалық аймақтар ашылып, инвесторларға жеңілдіктер беру жұмысы қазіргіден жоғары қарқын алуы тиіс. Сол кезде еліміздің әр аймағында жаңа зауыттар мен фабрикалар көптеп салынады, құрылатын жаңа жұмыс орындарының саны да едәуір артады.
Қаржы жүйесіне де жаңа талаптар қойылды. Енді банктер халықтың ақшасы мен бизнесмендердің табысын нақты өндіріс жобаларын қаржыландыруға міндеттелуі мүмкін. Себебі көп жылдан бері еліміздегі екінші деңгейлі қаржы ұйымдары экономиканы несиелендіруге қарағанда жекелеген адамдарға жоғары пайызбен қаржы беру арқылы халықты қарызға батырып келеді. Президент осы мәселеге баса тоқталды. Расында да банктер экономика саласына қаржылай қолдау көрсетсе, кәсіпкерлерді аяққа тұрғызу ісі күшейтілсе, жер-жерде жаңа жобалар жүзеге асса, мұның ел әлеуетінің көтеруде пайдасы мол.
Әлеуметтік салада да жаңашылдық көп. Білім беру жүйесі заман талабына сай жаңарады, мектептерде жаңа бағдарламалар, заманауи пәндер енгізіледі. Денсаулық сақтау саласында цифрлық диагностика, қашықтан кеңес беру, телемедицина қарқынды дамиды. Жастарға жұмыс тауып беру үшін арнайы бағдарламалар қолға алынады.
Инфрақұрылымды жақсарту бағытында да ірі жобалар жүзеге аспақ. Халық жол, ауызсу, газ, интернет секілді инфрақұрылыммен толық қамтылады. Әсіресе ауыл-аймақтарды сапалы интернетпен қамту мәселесі шешіледі. Бұл ауыл балаларының да қаладағыдай сапалы білім алуына, онлайн жүйе арқылы ізденуіне, ғылыммен айналысуына мол мүмкіндік береді.
Жолдауда жерді тиімді игеру, бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып, шын мұқтаждарға беру мәселесі баса айтылды. Егісті әртараптандыру, асылтұқымды мал өсіру, заманауи техника енгізу негізгі бағыттардың бірі. Шаруаның өнімін дайын тауарға айналдырып, сату да басты міндет. Бұл ауылдың да еңсесін көтеріп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады.
Қысқасы, Жолдауда көтерілген мәселелер бір-бірімен сабақтас. Цифрландыру сан салаға серпін берсе, энергетиканы дамыту өндірістің өркен жаюына жол ашады. Инвестиция мен қаржы жүйесіндегі өзгерістер кәсіпкерлерді алға сүйрейтін болады. Осы шаруаның барлығы іске асса, Қазақстан жақын жылдарда мүлде жаңа деңгейге көтеріліп, қуатты мемлекетке айналатынына сенімім мол.
– Президент Жолдауында: «Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүруде, нақты нәтиже әлі жоқ» деді. Жалпы ауданның ауылшаруашылық саласында атқарылып жатқан жұмыс, өнім алу реті қандай?
– Соңғы жылдары ауданның егіншаруашылығында суды үнемдеу мәселесі ерекше назарға алынды. Бұл бағытта бірнеше жылдан бері нақты жұмыстар атқарылуда. 2025 жылға жоспарланған 6,8 мың гектардың орнына 9 мың гектарға жуық алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Өткен жылы да бұл бағытта ілгерілеу болды. Атап айтқанда, 6 мың гектардан аса жерге су үнемдеу әдісі енгізілді. Бұл аудан шаруаларының жаңа технологияны меңгеріп, өндірісте оны тиімді пайдаланып келе жатқанын білдіреді.
Түсім мәселесіне келсек, биылғы егін орағы аудан шаруалары үшін жеңіл болған жоқ. Дегенмен қажырлы еңбектің арқасында көрсеткіш көңіл қуантарлықтай болып отыр. Жалпы биыл 15 мың гектардан аса алқапқа отырғызылған масақты дәнді дақыл ораққа түсті. Оның ішінде 4 мың гектарға жуық жерге күздік бидай егілсе, 11 мың гектардан аса алқап жаздық арпаның үлесінде болды. Жиналған астық көлемі 11 мың тоннадан асты. Бидайдан да, арпадан да түсім жаман болған жоқ. Жиын-терінге барлығы 36 комбайн жұмылдырылса, 15-і сырттан тартылды. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы әр гектардан 16 центнерден өнім түсіп, 27 мың тоннадан астам астық бастырылған. Осы орайда биыл өнім көлемі сәл аздау болғанын айта кетуіміз керек. Бұл негізінен табиғи жағдаймен байланысты болған жайт.
Егінмен қатар мал азығының қоры да ескеріліп, жемшөп молынан әзірленді. Аудан бойынша жоспарланған шөп, пішендеме, сабан мен сүрлем толық дайындалды. Тіпті шөп дайындау жоспары 105 пайызға орындалды. Бір айта кетерлігі, өткен жылы аудан халқы үшін ортақ қорға 135 тонна шөп жиналып, Аса ауылындағы арнайы орында сақталды. Ал биыл бұл қор үшін 55 тонна пішен дайындалды.
– Президент Жолдауда инвестиция тарту мәселесін ерекше атап өтті. Бұл ретте құйылған қаржы халыққа да, мемлекетке де пайдасын тигізуі тиіс. Инвестиция тарту бағытында қандай маңызды жетістіктерге қол жеткізілді?
– Биылғы 8 айдың қорытындысына қарасақ, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 21 миллиард 700 миллион теңгеге жетті. 2024 жылдың дәл осы кезеңінде 15 миллиард 500 миллион теңге болған. Яғни өсім бар, нақты көлем индексі 135,7 пайызды құрады.
Инвестиция қай салаға тартылды десек, ең алдымен құрылыс пен тұрғын үй салу, өндіріс секілді салалар ескерілді. Жыл басынан бері 7 миллиард 500 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Былтырғы көрсеткішпен салыстырсақ, биыл құрылыс қарқыны әлдеқайда жоғары, өсім 132 пайызға жуықтады. 8 айдың ішінде пайдалануға берілген жекеменшік үйлердің жалпы көлемі 23 мың 881 шаршы метрді құрады. Бұл да былтырғыдан артық. Жаңа үйлердің саны көбейген сайын ауылдың да, қаланың да келбеті өзгереді, ең бастысы тұрғындардың жағдайы жақсарып келеді.
Сауда саласында да айтарлықтай серпін бар. Бөлшек сауда айналымы 13 миллиард 500 миллион теңгеге жетсе, көтерме сауда айналымы тіпті екі еседен артық өсіп, 16 миллиард 600 миллион теңгені құрады. Бұл ауданда өндірілген ауылшаруашылығы өнімдеріне де, өндірістік тауарларға да сұраныстың артып отырғанын білдіреді.
2025 жылдың 8 айында ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 19,7 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде малшаруашылығының жалпы өнімдерінің көрсеткіштері 11 миллиард теңгені, егіншаруашылығы жалпы өнімдерінің көрсеткіштері 8,6 миллиард теңгені құрады. Ет тірі салмақта 5 637,6 тоннаға, сүт 14 845,5 тоннаға, жұмыртқа 20 455,1 мың данаға орындалды. Ауылшаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестицияның нақты көлем индексін 1,9 миллиард теңгеге, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның нақты көлем индексін 1,6 миллиард теңгеге орындау жоспарланып отыр.
Президент Жолдауда сүт өндірушілерге қолдау көрсету жайын айрықша атап өтті. Осы жағын ескерсек, 2024-2025 жылдары ауданның ауылшаруашылығы саласында біраз жобалар қолға алынды. Осы жылғы 9 айдың қорытындысына қарасақ, жалпы құны 7 миллиард 762 миллион теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бүгінгі күнге дейін 2 миллиард 507 миллион теңгеге 15 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 109 адамға жұмыс орны ашылды. Осы қатарда тауарлы сүт фермалары ерекше орын алып отырғанын айта кеткім келеді. Бұл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйеніп іске асырылып жатқан бағдарламаның жемісі. Аталған бағдарлама бойынша биыл ауданда 2 жоба қолға алынды. Соның бірі – «АзНұр Агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің жобасы. Жалпы құны 1 миллиард 800 миллион теңгені құрайды. Бөлінген қаржының 1 миллиард 350 миллионы толықтай игерілді. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге Ресейдің Калининград облысынан асылтұқымды «Голштин» сиырларын әкелу жұмысы басталды. «Малиновка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен – 85, «Каштановкадан» – 154, «Залесье-Агродан» 110 құнажын сатып алу туралы келісім жасалды. Шілденің 28-інде алғашқы 102 буаз құнажын алынып, карантинге қойылды. Осы айдың соңына дейін тағы 101 сиыр жеткізілмек. Осылайша барлығы 203 мүйізді ірі қара әкелінеді. Ал сүт фермасына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін «Вестфалия Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 668 миллион теңгенің келісімі жасалды.
Екінші жоба – «Момбек» шаруа қожалығының тауарлы сүт фермасы. Бұл жоба одан да ауқымды. Жалпы құны – 2 миллиард 900 миллион теңге. Бөлінген қаражаттың 1 миллиард 141 миллион теңгесі игерілді. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал асылтұқымды малды сатып алу үшін Ресей және Австриямен келісім жасау мәселесі қаралуда.
Негізі ауданда жұмыс істеп тұрған 2 тауарлы сүт фермасы бар. Бүгінгі күні онда 326 сиыр сауылуда. Барлық сауылған 14845,5 тонна сүттің 11985,4 тоннасы жеке қосалқы шаруашылықтар үлесінде.
– Өз сөзіңізде Жолдауда Президент пайдаланылмай жатқан жер мәселесін көтергенін айттыңыз. Жалпы жайылым жер мәселесін қалай шешіп жатсыздар?
– Ауданда бұл бағытта жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Мысалы биыл игерілмей бос жатқан 4 мың гектар жерді қайтару жоспарланған еді. Қазірдің өзінде 4 108 гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Оның ішінде 257 гектар – суармалы егістік, 74 гектар – суарылмайтын егістік, 3 688 гектар – жайылым, 74 гектар – шабындық, тағы 15 гектары басқа мақсаттағы жерлер. Яғни жоспар артығымен орындалды. Ал енді жерді қайта айналымға қосу ісіне келсек, 2025 жылға 1 500 гектарды айналымға қосу жоспарланған. Мамыр айында өткен 2 конкурс арқылы 1 948 гектар жер жаңадан анықталған шаруалардың қолына қайта берілді.
Енді алдағы қазан-қараша айларында тағы 2 конкурс өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда шамамен 1 186 гектар жер беріледі. Соның арқасында жыл соңына дейін жоспар толықтай орындалады.
Соңғы 3 жылда елді мекендерге 12,7 мың гектар жайылым бекітіліп берілген. Биыл тағы 2 000 гектар беру жоспарланды. Бірақ қазірдің өзінде 3 838 гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылып, ауылдық округтердің еншісіне беру ісі қолға алынуда. Қазан айында мәслихаттың шешімімен тағы 14,7 мың гектар жайылым бекітіледі. Демек бұл бағыттағы жоспар да мерзімінен бұрын орындалып тұр. Ал аукционға шығарылатын жерлер бойынша жыл басында 15 жер учаскесін сату жоспарланған еді. Бірақ іс жүзінде 18 жер учаскесі сатылды. Жалпы көлемі 13 гектарға жуықтайды. Кадастрлық құны бар болғаны 355 мың теңге еді, ал сатылған бағасы 40 миллионнан асты. Бұл да жердің құны қандай екенін, сұраныстың барын айқын көрсетіп отыр.
– Ауданның ауылшаруашылық саласында атқарып жатқан жұмыс көңілге қонымды екен. Мұнда әр ауылдық округтің үлкен үлесі бар деп білеміз. Ал ауылдарды дамытуға қаншалықты көңіл бөлінуде?
– Ауылдардың ең үлкен проблемасы бұрын инфрақұрылым мен жұмыссыздық болатын. Осыған орай елімізде арнайы бағдарламалар қабылданғаны баршаға аян. Мысалы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын алып қарайық. Осы мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылдарға жол салынып, ауызсу, жарық, газ, интернет желісі тартылуда.
Кейбір ауқымды мәселелерді біз аудандық бюджет есебінен шештік, яғни үнемделген қаржы халықтың қажетіне жаратылуда. Мысалы, бұрнағы жылы жергілікті халық көптен бері күтіп жүрген үлкен бір мәселе оң шешімін тапты. Атап айтқанда, Аса ауылындағы Аса стансасына теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі республикалық деңгейде шешімін таппай келген. Құны 360 миллион теңге болған құрылысқа қаражат толығымен аудандық бюджеттен жұмсалды.
Былтыр да ауданда үлкен бір игі іс көрініс тапты. Аса ауылынан мұражай ғимараты бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бұған қоса заманауи үлгідегі кітапхана, архив және балалар-жасөспірімдер орталығы салынды. Әсіресе кітапхана жайы көптен бері түйіні тарқатылмай келген мәселе-тұғын. Бұрын кітапханашылар әр мекемеге бір көшіп жүретін. Жыл сайын кітап қоры артып, жаңа ғимараттың қажеттілігі айқын сезілді. Архив те ыңғайсыз қосымша ғимаратта орналасты. Енді міне, осының барлығы да өз қаржымыз арқылы шешімін тапты.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы жайлы да айтуға болады. Мәселен, 2025 жылдың үшінші тоқсанына кәсіпкерлік саласы бойынша 45 азаматқа несие беру жоспарланды. Жоспар артық орындалып, 47 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 55 адамға тұрақты жұмыс орны ашылды.
2024-2025 жылдар аралығында барлығы 71 жоба қаржыландырылды. Осы жобалардың ішінде 10 жоба жылыжай салуға арналды. Атап айтсақ, 2024 жылы 5 жылыжай жобасы қаржыландырылды, 2025 жылы тағы 5 жобаға қолдау көрсетілді. Жылыжай құрылысына бөлінген қаржы көлемі – 65 миллион 700 мың теңге.
2025 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 13 ауылдық округтен 110 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жалпы құны – 758 миллион 200 мың теңге.
2024 жылы жоба шеңберінде 24 жеке кәсіпкер жалпы 173 миллион 500 мың теңге несие алған болатын. Осы секілді ауыл халқына өзге де тиісті бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіліп жатыр.
– Ауылдарда алдағы жылдары жүзеге асырылатын жобалар да пысықталған болар...
– Әрине, 2026-2028 жылдары Жамбыл ауданы бойынша жүзеге асатын 13 жоба дайындалып, сараптамадан өтіп, оң қорытынды алынды. Барлық жобаның жалпы құны 5 миллиард 100 миллион теңгені құрайды. Мысалы, алдағы екі жыл ішінде Қызылқайнар ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Аса ауылындағы жаңа ықшамаудандарға инженерлік-коммуникациялық желілер тартылады. Оның ішінде екінші көтергіш сорғы стансасын салу жобасы бар. Бұл жобаға 803 миллион 500 мың теңге бөлінеді. Дәл осындай сорғы станса Айшабибі ауылында да орнатылады.
Гродеково ауылындағы №1 тұрғын алқаптағы 163 жер учаскесіне және №2 алқаптағы 275 жер учаскесіне инженерлік желілер жүргізіледі. Бір жоба бойынша қиыршық тас жол төселсе, оған 648 миллион 700 мың теңге қарастырылған. Ал екінші жоба бойынша сумен жабдықтау жұмыстары атқарылады.
Аудан орталығына іргелес орналасқан Қаракемер ауылында учаскелік полиция пункті салынып, жанынан қызметтік тұрғын үй бой көтереді. Жобаның құны – 95 миллион 400 мың теңге. Дәл осындай полиция пункті Ерназар ауылында да салынбақ. Шәкен Ниязбеков ауылында әкімшілік ғимарат тұрғызылады. Аса ауылдық округі маңындағы Аса өзенінің жағасы бекітіледі. Айшабибі ауылындағы Алаш көшесінің маңындағы өзен жағасы нығайтылады. Бәйтерек ауылы мен Новоджамбулец саяжай учаскелерінің қасында да Аса өзенінің арнасы күшейтіледі.
Аса ауылдық округінде Ардагерлер үйі мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының құрылысы жоспарланған. Жобаның құны – 221 миллион 900 мың теңге. Тастөбе ауылындағы ауылдық клуб ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Бұдан бөлек, төрт жобаға құжаттар әзірленіп, қыркүйек-қазан айларында сараптаманың қорытындысы күтілуде. Оның ішінде Гродеково ауылында жаңа салынатын үйлерге газ тарту және жарық жүргізу, Аса ауылы кіреберісіндегі саябақты абаттандыру, Бірлесу-Еңбек ауылында мәдениет үйін салу ісі бар. Тағы бір жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы іске асады. Ол – Қаратөбе ауылдық округіне қарасты «Дорожник» саяжайында Аса өзенінің үстінен көпір салу жобасы. Сонымен қатар Аса ауылындағы «Бәйтерек» тұрғын алқабында көпқабатты үйлер салу жоспарда тұр. Бұл жобалар 2026 жылы сараптамадан өтеді. Жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайды.
– Аудан жастарына қолдау көрсету жағы қалай?
– Жастарға қолдау көрсету мәселесінде мемлекет соңғы жылдары жүйелі түрде нақты шараларды жүзеге асыруда. «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға!» сияқты жобалар, бағдарламалар арқылы жас мамандардың алғашқы еңбек жолын бастауына жағдай жасалуда. Ауылға барып жұмыс істеген жастарға мемлекет жалақысын төлеп беріп, үй алуға жеңілдетілген несие, көтермеақы сынды әлеуметтік қолдау тетіктерін ұсынып отыр. Бұл жас маманның тұрақтап, өз кәсібін дөңгелетуіне берілген жақсы мүмкіндік. Мысалы, биылдың өзінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 20 маманға бірреттік көтерме жәрдемақы беру үшін аудандық бюджеттен 7 миллион 864 мың теңге бөлінді. Қазір соның ішінде 18 маманға жалпы 7 миллион 77 мың теңге төленді. Олардың арасында дәрігер де, мұғалім де, мемлекеттік қызметкер мен спорт саласының жаттықтырушысы да, агроөнеркәсіп пен мәдениет өкілдері де бар.
Бұдан бөлек, ауылдан үй алғысы келген жас мамандарға да көмек қарастырылған. Тұрғын үй сатып алу үшін республикалық бюджеттен 45 миллион 218 мың теңге бөлініп, ол қаржы 5 маманға бағытталады деп жоспарланған. Қазір қаражат аударылуын күтіп отырмыз. Оның ішінде үш маман аудан орталығынан, екеуі ауылдан баспана алмақ.
Сонымен бірге жастар кәсіпкерлігіне мемлекет ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде жас азаматтарға қайтарымсыз қаржы беру қарастырылған. Ол арнайы гранттар арқылы берілуде. Яғни, кәсіп ашамын деген жастар бизнес-жоспарын ұсынып, оның ішінде мақұлданғаны мемлекеттен қайтарымсыз қолдау алуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жастардың қоғамдағы рөліне айрықша тоқталып, олардың жасампаздық пен жаңашылдыққа деген ұмтылысына сенім артатынын айтты. Президенттің «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін іс бастау, жаңа жобаны жүзеге асыру» деген сөзі бүгінгі жастардың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Мемлекет басшысы жастардың білімге, кәсіпке және ғылымға деген ынтасын қолдауды жалғастыра беретінін нақты жеткізді.
Ендігі міндет – алдағы уақытта жастарға қолдау көрсетудің ауқымын кеңейтіп, жастарға білім алатын, еңбек ететін, шығармашылықпен айналысатын жаңа орта қалыптастыруымы керек. Сапалы білім, тұрақты жұмыс пен кәсіпкерлікке қолдау болса, ауылдағы жас та, қаладағы жас та өз әлеуетін толық іске асыра алады.
Бір айта кетер жайт, бүгінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен оларға қарсы жасалатын қылмыстың алдын алу өзекті мәселе болып тұр. Бұл бағытта да жүйелі жұмыс атқарудың нәтижесінде ауданда заңсыз әрекеттерге орын беріліп жатқан жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ