Жыр-шашу
Жетпістегі құрбыларыма
Жетпісің оңай емес білген жанға
Алпыста жас екенсің жүрген жанға,
Ұмытып әр нәрсені есің кетіп,
Ойланып ойың кетер ұзақ таңға.
Жайымен өмір өзен ағады екен.
Кәрілік алқымыңнан алады екен.
Өмірдің заңы солай болғандықтан,
Жүзіңе әжім ізің салады екен.
Ақ жүзің әжімменен айғызданып,
Ет қашып, терің босап қалады екен.
Қара орманды әп-сәтте қырау шалып,
Мөлдір көзің мұнарлап тұрады екен.
Қу тізең де зар қақсап күні-түні
Жүрісің үйрекке ұқсап барады екен.
Немере, шөберелер жан-жағыңнан
Анталап, мазаңды да алады екен.
Соған да тоба десіп, шүкір десіп,
Ортасында бала боп күбірлесіп,
Бірге ойнап олармен шаттанасың,
Әңгіме айтып, бірігіп, шүпірлесіп.
Баршагүл БАЯЛИЕВА,
зейнеткер
Өзім туралы
Күндер зулап, айлар ағып, жыл жылжып,
Өмір өзен тоқтамастан ағатын.
Жүргенімде бір қуанып, қынжылып,
Уақыт келді артыңа бір қарайтын,
Сайға түстім, төбеге де шығыппын,
Біреулерден жығылыппын,
Біреулерді жығыппын,
Отқа күйіп, суға түсіп көріппін,
Бірде тоңып, бірде ысып шынықтым.
Жақсы көрдім, кейбіреуді жек көрдім
Тәттіні де, аштыны да жеп көрдім.
Жақсылардың шарапатын көп көрдім,
Жамандардың кесапатын өткердім.
Мойымадым, білдім таңның атарын
Есте ұстадым күннің де бір батарын.
Өмірдің көп көрсемдағы шатағы,
Мен сенемін құтқарады ақ арым.
Әбдіқасым Әлімханұлы,
зейнеткер
Күзгі көңіл
Сары даланың салқын желі еседі,
Артта қалып жылы түндер кешегі
Сары күз де келіп қапты адамдар!
Жапырақтар аяқасты төселіп.
Қара ала бұлт аспанымды торлаған,
Күз мінезін түсінетін бар ма адам?
Селт еткізер көңілімді жабырқау,
Күзгі аспанның найзағайы ойнаған.
Жапырақтар түсіп жатыр жапырлап,
Жауар енді көп кешікпей алғаш қар,
Жабырқаусың,
Жаздай жайнап жүруші ең,
Өзіңді ойлап көңілімде алаң бар.
Тұра берсін,
Салқын күзге не жетер,
Қыс та суық, өн бойыма тез өтер,
Ал сүйіктім, жымиып бір қараса,
Көңілімнің жабырқауы тез кетер.
Айтуған Әлқуатов,
зейнеткер