Қамқорлық пен мейірім мекені
Қоғамның ең үлкен байлығы – адам. Ал оның ішінде қарттарға құрмет көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқор болу – адамгершіліктің ең асыл парызы, ізгіліктің шыңы.
Қарттарға құрмет көрсету – көрегенділіктің белгісі. Қазақ халқы үшін қарттар – даналықтың, тәжірибенің және шежіренің қайнар көзі. Оларды ардақтап, құрметтеу – ұлттық құндылықтарымыздың негізгі тірегі. Осы қасиетті міндетті абыроймен атқарып келе жатқан ұжымның бірі – облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы.
Орталықты бүгінгі таңда 161 қызмет алушы мекен етуде. Оның 54-і мүгедектігі бар адам. Мекемеде қазыналы қарттарымыздың қолайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.
Мұндағы әлеуметтік қызметкерлер қарттарымызға көмек көрсетумен шектелмей, қарияларымызға жан жылуын сыйлауға тырысады. Мамандарымыз қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жанында болып, олардың өмірін жеңілдетуге және қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.
Мекемеде негізінен зейнет жасындағы кісілер ғана емес, І-ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар да ғұмыр кешуде. Орталыққа көбіне қиын жағдайға душар болып, жалғыздықтың қамытын киген жандар қайырылады. Кейбір кісілер балалары шетелде тұратындықтан, осы орталыққа келуге мәжбүр.
Стандарт бойынша 7, яғни, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, құқықтық, экономикалық бағыттар бойынша қызметтер көрсетіледі. Қазіргі таңда орталықта 148 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда сыйымдылығы 170 орынға арналған бөлмелер қарастырылған. Әр қабатта жуыну, тұрмыстық және демалыс бөлмелері бар. Тұрмыстық бөлмелер электрлі плита, тоңазытқыш, жұмсақ жиһаз, теледидар сияқты қажетті бұйымдармен қамтылған.
Сонымен қатар орталықта 7 500 кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді. Медициналық бөлімде емдік-денешынықтыру, массаж, физио емдеу кабинеттері қызмет алушылардың денсаулығын жақсарту мақсатында салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз ықпалын тигізуде.
Қызмет алушылар өз-өзіне қызмет жасай алатын және өзіне қызмет жасай алмайтындар болып екіге бөлінген. Өзіне қызмет жасай алмайтындар «Мейірімділік» бөліміне орналастырылады. Бөлімде тәулік бойы медбикелер мен күтім жөніндегі санитарлардың бақылауында болады.
Сондай-ақ орталықта 4 мезгіл тамақтанатын асхана мен монша, шаштараз, кір жуу кешені, дербес жылу қазандығы өз қызметін көрсетуде. Осындағы кісілердің киім-кешектері мен төсек-орын жаймалары уақытылы және қажеттілігіне қарай жуылып, үтіктеледі және моншаға аптасына екі күн шомылдырылады.
Қарттарымыздың құқықтарын қорғап, заңды мәселелерін кәсіби заңгерлердің көмегімен шешіп отырамыз. Сондай-ақ күнделікті өміріне қажет жағдайды жасауға, тұрмыстық қажеттіліктері уақытылы атқарылуына – әлеуметтік-экономикалық бөлім мамандары жауапты.
Мекемеде жасы ғасырға жуықтаған көнекөз қарияларымыз да бар. Мәселен, 96 жастағы Аниса Ложкина апамызға қыздарымыз туған әжесіндей күтім жасап жүр. Сол секілді 91 жастағы Мария Мұхамеджанова да бар қамқорлықты сезініп отыр.
Орталықта өнерлі, шебер қолды ісмерлеріміз де аз емес. Атап айтқанда 53 жастағы Светлана Исмагилова ауыр жағдайына қарамастан гүл өсіріп, тоқымамен айналысады. Оның тоқымалары көздің жауын алады, ал гүлдері орталықтың сәнін кіргізіп тұр. Брайль қарпімен кейінгі жылдардың өзінде 250-ге жуық кітап оқып тауысқан ұлты кәріс 73 жастағы Сергей Бон-Дю зағип жандар арасында кітап оқу бойынша республикалық байқауда жүлделі орынға ие болған оқымысты ақсақал.
Арбада билеуден халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған спортшы Талғат Аманбековтің де есімі облыс тұрғындарына жақсы таныс. Сонымен бірге жүзуден Тараз қалалық, облыстық жарыстардың жүлдегері Александр Попов пен қол күресінің тағы бір шебері Серік Жұмабаев та орталық мақтаныштары. Серік ағамыз ұлттық домбырасын қолынан тастамай, өнерімен де үлгі көрсетуде.
Әскери ардагер 74 жастағы Макхам Шарифходжаев бүгінде төсекке таңылса да біздің қызметкерлердің қамқорлығын сезініп жатыр. Біз әр бөлмені «үй» деп атаймыз. «Сергейдің үйі», «Серік ағайдың үйі» деген жылы сөз қызмет алушыларға ерекше әсер береді.
Қорыта айтқанда орталық мамандары әрбір қарияның көңілін көтеріп, өмірге құштарлығын арттыруды мақсат еткен.
Гүлхан ТҰРСЫНБАЕВА,
№1 «Арнаулы әлеуметтік қызметтер
ұсыну орталығының директоры