Қоғам

Сенім үдесінен шығу – басты талап

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда. Бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек. Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық», – деді.

Жалпы Президенттің әрбір тапсырмасын орындап, нәтиже шығару – ең маңызды міндеттің бірі. Сонда ғана халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған тірліктер өз жемісін береді. Ал ол үшін облыс, аудан, ауыл секілді әр деңгейдегі әкімдердің жұртты ортақ іске ұйыстыру, жұмысты өз деңгейінде жүргізе алу қабілеті мықты болуы керек. Олар Президенттің сенімді өкілі болғандықтан, ел тағдыры осы әкімдердің қолына сеніп тапсырылған. Демек, қандайда бір ауданның не ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, халқы жайлы тұрмысқа қол жеткізсе, ол сол жердегі әкімнің еңбегінің жемісі.

Осы ретте біз Қордай ауданының әкімі Бекзат Болатбекке хабарласып, ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесіне ден қойған едік.

Бекзат Сейсенқұлұлының айтуынша, жылдың 7 айында Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінде оң динамика қалыптасқан.

Биыл ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендердің даму әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірнеше жоба қолға алыныпты. Атап айтқанда, Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорт кешені бой көтеруде. Сонымен бірге Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы емхана салыныпты.

2025 жылдың 1 тамызында жұмыссыздар есебінде 1879 адам тіркелсе, жыл басынан бері 4022 азамат қайырылып, әлеуметтік қорғау шараларымен 2483 адам қамтылған екен. Есепті кезеңге ваканттық бос жұмыс орындарына 1056 азамат жолданыпты. Қысқа мерзімді кәсіби оқумен және жұмыс орындарына оқумен қамтамасыз ету тұрғысында да жүйелі жұмыс атқарылған. Аудан бойынша осы жылы 100 азаматты қысқа мерзімді оқу курстарымен және 45 азаматты жұмыс орындарында оқумен қамту жоспарланып, меже шетінен орындалуда. Сонымен қатар 285 қордайлықты онлайн оқу курстарына жолдау жоспарланып, есепті кезеңге 82 адам оқумен қамтылған.

Биыл «Бастау бизнес» жобасы бойынша 385 тұрғынды оқытуға ұйғарым жасалып, бүгінгі күнге 267 адам жолданыпты. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру ісі де тиісті талаптарға сай жүргізілуде. 2025 жылы аудан бойынша 150 азаматты қайтарымсыз мемлекеттік грантпен қамту жоспарланса, есепті кезеңде 45 азамат грант алып, өз кәсіптерін бастаған.

Әрбір атқарылған сапалы жұмыс елдің ілгерілеуіне қосылатын қомақты үлес. Президенттің тапсырмасы да осыны көздейді. Демек, әр істің түпкі нәтижесі халықтың әл-ауқатын көтеріп, Қазақстанды өркендетуге бағытталуы тиіс. Бұл тұрғыда Қордай ауданы үдеден шығып келеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ