Мәдениет

Ұлт руханиятын байытқан көрнекті қаламгер

Көрнекті қаламгер, жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжанның 80 жылдық мерейтойына орай Тараз қаласында бірқатар ауқымды іс-шара өтті.

Алдымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Елен Әлімжан шығармаларындағы қазіргі заман бейнесі» атты «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылды. Басқосуға әдебиеттанушылар, ғалымдар, жазушылар мен жас қаламгерлер қатысты. Жиын барысында жазушының қазақ әдебиеті мен драматургиясындағы орны, шығармаларының мазмұндық-идеялық ерекшеліктері және олардың бүгінгі қоғамдағы маңызы кеңінен талқыланды.

Мерейтойлық іс-шаралар легі Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасын тапты. Кеш аясында драматургтің «Абылайхан» қойылымы сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Салтанатты кешке облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін арнады.

Кеш барысында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев та құттықтау сөз арнап, қаламгерге шынайы ілтипатын білдірді. Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаттары оқылды.

Кешті Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерлан Жүніс «ұстаз бен шәкірттің сырласуы» форматында жүргізіп, әсерлі әрі рухани мазмұны терең мерекелік кешке айналдырды.

Сахна төрінде жазушының сөзіне жазылған «Тағзым ұлы Абайға», «Сері аға», «Аққұмда туған баламын» атты әндер орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Кеш соңында жазушы-драматургтің жаңа пьесалар жинағы – «Жанұраным» атты спектакльдер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл жинаққа қаламгердің соңғы жылдары жазған таңдаулы драмалық туындылары енгізілген.

Жамбыл жұрты Елен Әлімжандай ардақты перзентінің мерейтойын зор ықыласпен атап өтті. Қаламгердің бай мұрасы мен рухани еңбегі ел жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Айжан ӨЗБЕКОВА