Жамбыл жаңалықтары

«Қызыл» сызықтан асқан құрылыс нысандары сүріледі

Кез келген елді мекеннің көркейіп, дамуы оның бас жоспарына байланысты жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан тиісті бас жоспарларды уақытылы әзірлеу, оны дұрыс жоспарлау, құрылыс нормаларын қатаң сақтау, яғни сәулет және қала құрылысы талаптарының орындалуы ең маңызды мәселе. Алайда осындай талаптар кейбір ауданда өз деңгейінде орындалмауда.

Мысалы, облыста бірқатар ауданның бас жоспарын әзірлеу белгіленген мерзімінен кешіктірілуде. Кейбір аудандардың бас жоспарын электронды форматқа көшіру де уақытылы орындалмай жатқан көрінеді. Нысан құрылысын жүргізуде «қызыл» сызық талаптарына қайшы келетіндерінің кейбіріне әлі күнге тиісті шара қолданылмапты. Осы секілді өзгеде кемшіліктер облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппаратық кеңесте сөз болды.

Жиында Ербол Шырақпайұлы: «Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында кейбір елді мекендердің бас жоспарларын цифрландыруға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілмеген. Үкімет отырысының хаттамасында бұл мәселе былтырғы сәуір айында тапсырылған болатын. Бұл Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы. Дегенмен Жамбыл ауданында – 6, Жуалыда – 7, Мойынқұмда – 15, Т.Рысқұлов ауданында 7 елді мекеннің бас жоспары әлі күнге цифрландырылмаған. Мұның себебі неде?» – деген облыс әкімі Тараз қаласы және тиісті аудан әкімдерінен осы және өзге де кемшіліктер бойынша жеке-жеке жауап алды.

Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, осы жылдың тамыз айындағы нақтылауда 7 елді мекен бойынша оңтайландыру бас жоспары әзірленіпті. Оған бюджеттен 2 миллион теңге қаражат бөлініп, конкурс жарияланған. Қазіргі таңда конкурстың қорытындысы күтілуде. Аталған аудан әкімі бұл жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталатынын жеткізді.

«Қызыл» сызыққа қатысты кемшілік бойынша түсінік бергендердің бірі – Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов. Оның сөзіне сүйенсек, Т.Рысқұлов ауданындағы 7 нысан да белгілі бір сауда алаңындағы бір адамға тиесілі. Бұл жөнінде тиісті шаралар қолға алынып, саудагерлер басқа орын іздестіріп, оған орналасу үшін жыл аяғына дейін уақыт беруді сұраған екен.

Басқосу барысында аймақ басшысы «сақалды» құрылыс жайын облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтан сұрап, білді. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс көлемінде 51 нысанның құрылысы бақылауда тұр. Оның 35-і Тараз қаласында болса, 16-сы аудандарда.

Жиын соңында облыс әкімі жауаптыларға цифрландыру ісін жеделдету, орын алған кемшіліктерді жедел жою, «сақалды» құрылыс иелерімен келіссөздер жүргізіп, құрылысты жандандыру секілді бірқатар тапсырма берді. Нақты нәтиже көрсетпегендердің жауапкершілігі жыл аяғында қолданыстағы заңға сәйкес қаралатын болды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ