Google Қазақстандағы ресми өкілін бекітпек
Қазақстан Google компаниясымен ынтымақтастықты күшейтпек, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Google компаниясының Израиль, Түркия, Орталық Азия мен Кавказдағы мемлекеттік саясат және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі өңірлік директоры Ноа Лоффлермен кездесті.
Кездесуде тараптар өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Министрліктің басты назарында – адами құндылықтарды дәріптеу, халықтың цифрлық және құқықтық сауатын арттыру, сондай-ақ балалардың онлайн ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобалар бар екені атап өтілді.
Сондай-ақ Google компаниясының Қазақстандағы ресми өкілін бекіту мәселесі жеке қаралды.
Кездесу барысында контентті модерациялау мәселесі де көтерілді. Министр қолданыстағы тетіктердің жеткілікті тиімді еместігін айтып, Google командасының Астанаға сапары аясында заңсыз контентті жоюға қатысты воркшоп ұйымдастырылатынын хабарлады.
Сонымен бірге Қазақстанда Google компаниясының ресми кеңсесін ашу перспективалары талқыланды. Ел қарқынды дамып келе жатқан өңірлік көшбасшы, қолайлы инвестициялық ортаға ие мемлекет ретінде ұсынылды.